Мақрұм болған мемлекеттiк қолдау

 

Мемлекеттік бағдарламаға қатысқан кәсіпкер барынан айрылып, тіпті темір торға қамалуы мүмкін.

Алдамжар Алтынбек 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 26 миллион 400 мың теңге несие алған. Оны мақсаты бойынша пайдалануы қажет, яғни асыл тұқымды мал сатып алуы керек болған. Шілде айында сиырларды әкелуге кіріскенде құжаттарында мәселе туындайды. Кейін қайтаруға тура келіпті. Екінші рет қараша айында жануарларды жеткізген. Мұнда барлығы сәтті жүзеге асқан. Келісімен малды карантинге қойып, салық бойынша есеп берген. Алайда тағы бір кедергі шығады. Асыл тұқымды ауыл шаруашылығы малын түгендеу базасына енгізе алмапты. Нәтижесінде сиырларды артқа қайтар немесе сойып таста деген.


- Біз бір жарым жыл малды іздедік. Тауып, келісіп, алып келдік. Құжаттары бәрі ойдағыдай болды. Малдың дені сау, барлығы жақсы. Енді оларды қазір сойып не қылам немесе артқа қалай апарам? Бұл ақылға сыймайды ғой!, - дейді «Ынтымақ» ШҚ басшысы Алдамжар Алтынбек.


Шаруа қожалығының басшысы бұл мәселемен бірнеше ай жүгірген. Малды қайта карантинге қойып, оны ауыл шаруашылығында түгендеуге тіркеген. Алайда басқа мәселе пайда болды дейді кәсіпкер. Осы сиырларды сатып алуға алған субсидия үшін ол алаяқ деген күдікке ілінген. Ақшаны шынымен де заңды жолмен алдым дейді.

- Егер асыл тұқымды малдың әр басы үшін 225 мың теңге, ал тауарлық мал үшін 176 мың аласыз деді. Біз жақсы деп бағдарламаға қатысуға келістік. Енді прокуратура сен 11 миллион 25 мың субсидияны заңсыз алдың дейді, қалай заңсыз аламын біз құжатты жібердік, бізге ақшаны шотқа аударды, - деп мәлімдеді Алдамжар Алтынбек.


Нәтижесінде үш жылда асыл тұқымды мал басыма тек бәле болды дейді ер адам. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқандықтан малды сата да алмайды. Павлодар облысының прокуратурасында біздің сауалға берген ресми жауабында «Ынтымақ» ШҚ басшысына қатысты қылмыстық іс шынымен де жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта барлығы тексерілуде, процессуалдық шешім әлі қабылданбаған.