Мектеп асханаларының жұмыс тәртібі қандай болмақ?

Келесі аптадан бастап мектепте тамақтану жүйесі толығымен жолға қойылады. Мектеп асханаларын жалдаушы кәсіпкерлер қазір дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен. Асханада қашықтық сақталып, барлық үстел мен орындық күні бойы зарарсыздандыру шараларынан өткізіледі. Санитайзерлер мен бактерицидті лампалар қойылмақ.1-4 сыныптар тегін тамақтанады. Оған бюджеттен ақша қарастырылған. Ал басқа оқушылар үшін кешендік түскі ас - 315 теңге. Балалар көп жиналмасын деп, ыңғайлы кесте әзірленуде.

- Ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі және аралас оқытқаннан кейін оқу кестелері және сабақ кестелері өзгеріске ұшырайды. Баяғы қатып қалған сабақ кестесі қазір жоқ. Бұл барынша ыңғайлы етіп жасалынып отыр. Мектептегі кезең көбейтілетін болады, баяғыдағыдай бір сменада ғана оқытылмайды. Бірнеше ауысымдар болады, - Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

Қазіргі таңда 19 мыңнан астам оқушы штаттық тәртіпте оқуда. 46 мыңы қашықтықтан білім алып жатыр. Бесінші сынып оқушылары да ата-анасының өтініші бойынша наурыздың 1-нен бастап мектепке барады.  Бұл ретте 1 сынып бір кабинет принципі сақталады.