• Басты бет
  • Қоғам
  • Мектеп оқушыларын медициналық тексерістен өткізу жеңіл бола түсті

Мектеп оқушыларын медициналық тексерістен өткізу жеңіл бола түсті

Бұған дейін профилактикалық тексерулерді қолмен жүргізіп келген медицина қызметкерлері үшін бұл тамаша жаңалық. Бір ғана шағын әрі ықшам кешеннің ішінде тұтас диагностикалық кабинет шоғырланған. Заманауи құрылғының көмегімен баланың қан қысымын, қандағы оттегі деңгейін жылдам әрі дәл өлшеуге, ЭКГ түсіруге, есту қабілетін, бойы мен салмағын тексеруге болады. Сондай-ақ арнайы тексерулерге арналған жабдықтар да қарастырылған. Плантограф табанның жалпақтабандылығын анықтауға көмектессе, интраоральдық камера ауыз қуысын қарап, тіс жегісінің алғашқы белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Тексеру нәтижелерінің барлығы цифрлық жүйеге енгізіледі.

- Егер қандай да бір патология анықталса, бала автоматты түрде сол бағыттағы бейінді маманның қабылдауына жіберіледі. Яғни, анықталған ауытқуға сәйкес тиісті дәрігерге жолдама рәсімделеді, - дейді Павлодар қаласы заведующая детским отделением поликлиники № 5 емханасының балалар бөлімшесі меңгерушісі Альфия Мукажанова.

Тағы бір жаңашылдық – арнайы чек-парақтарды толтыру жүйесі. Оларды толтыру барысында тексеру нәтижелері автоматты түрде медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі.Бұл өз кезегінде бейінді мамандардың жұмыс жүктемесін азайтып, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мектеп оқушыларының медициналық тексеруін цифрлық форматқа көшіру жұмыстары 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде кезең-кезеңімен енгізілуде. Павлодар облысы емханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді алғашқылардың бірі болып бастады.Айта кетейік, диагностикалық кешендер бір ғана кабинетке бекітілмеген. Қажет болған жағдайда жабдықтарды басқа орынға тасымалдап, пайдалануға болады.

-Бір диагностикалық кешен 4 мың тұрғынға шақталған. Жабдықтар жылжымалы болғандықтан, медициналық тексеру қай жерде ұйымдастырылса, сол жерге жеткізіледі. Мысалы, тексеру мектепте өткізілетін болса, осы кешенді алып, мектептерді аралаймыз, - дейді Альфия Мукажанова.

Облыс емханаларына қазірдің өзінде 17 цифрлық диагностикалық кешен сатып алынған. Әрқайсысының құны 3,5 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін жетеді.Жаңа жабдықтармен жұмыс істеу үшін 283 медбике арнайы оқытудан өтті. Жаңғыртудың басты мақсаты – профилактикалық тексеру нәтижелерін электронды форматқа көшіру ғана емес, мектеп оқушыларының денсаулығындағы ақауларды ерте кезеңде анықтау.