Мектеп салып жатқан жұмыскерлер жалақысыз қалған

Жетекші ауылында 300 орындық мектеп пен 100 орындық сәбилер орталығының құрылысы өткен жылы жазда басталған. Нысан биыл тамыз айында тапсырылуы қажет. Алайда, бүгін құрылыс тоқтап тұр. Адамдар жалақы төлемеуіне байланысты жұмысқа шығудан бас тартты.

- Соңғы төлемді қаңтар айының басында алдық. Бүгінде екі ай бойы жалақысыз отырмыз. Қаражатымыз таусылып қалды. Алда халықаралық әйелдер күні келе жатыр. Отбасыма дастархан жаятын жағдайымыз да жоқ, - деді Серікбай Жұмағұлов.  

- Нәтижесінде ешкім жалақымызды беруге асықпайды. Үнемі ертең-ертең деп жүр. Өткен жұма күні береміз деген уәделерінен шаршадық. Жұмыс істегеннен кейін үйге ақша апарғымыз келеді, - деді жұмыскерлердің бірі.

Жұмыскерлердің айтуынша, тас қалаушы екі бригадаға шамамен 6 миллион теңге қарыз. Басқа да жұмыскерлерге соқыр тиын төленбеді. Бұл ішкі әрлеу, кран жүргізушілері және шатырды жабумен айналысатындар. Белгілі болғандай мәселе мердігер мен қосақы мердігердің арасында пайда болған. Адамдар соңғысының басшылығымен жұмыс жасап келеді.   

- Біз онымен сөйлестік. Бүгін келемін деген уәдесін берген. Көріп тұрғандарыңыздай ешкім келмеді. Өзіміз де күтіп шаршадық. Жалақымызды уақытында беріп отырса, нысан құрылысы тоқтамаушы еді,- деді Нұрлан.  

Нысанға тапсырыс беруші - қалалық құрылыс бөлімі. Қала әкімдігінде мәлімдегендей, олардың тарапынан қаражат тоқтатылмаған.   

- Мердігерлік ұйымның ақпараты бойынша, қосалқы мердігерге төлем жұмыстардың орындалуына байланысты мерзімінде аударылады. «Luxe city» ЖШС-не қабырғаға кірпіш қалау және шатырды жабу бойынша қаражат 2020-шы жылдың желтоқсанында 18 миллион теңге, ал қаңтар-ақпан айында 8,5 миллион теңге аударылды, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова .

 Жұмыскерлерге неге жалақы төленбеді деген сұрақтың жауабын әкімдікте айта алмады. Алайда, келесі аударылым жасалған кезде мердігер мен қосалқы мердігерге жұмыскерлердің жалақысын есепке алу талабы қойылады. Шенеуніктер мәселе бақылауға алынғанын айтты.