Мектептерде соңғы қоңырау өтті
Соңғы қоңырау - түлектер үшін аса маңызды мереке. Шаһардың 43 білім ордасы қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отыра түлектерімен қоштасты. Бүгін №1 ЖОББМ салтанатты жиынына шаһар басшысы арнайы келіп құттықтады. Бұл ретте, бітіруші түлектер де ақ тілектерін жеткізді.
- Мен соңғы қоңырау болмай қала ма деп уайымдаған едім. Ешқандай іс-шарасыз кетеміз деп ойладым. Қазіргі жағдайдың сәл де болсын тұрақталғаны қуантады. Бүгін міне алтын ұямызбен қоштасып жатырмыз. Барша ұстаздар қауымына және жолдастарыма алғыс айтқым келеді, - деді №1 ЖОББМ түлегі Алина Базарбаева.
9-11 сынып оқушылары мектеп алаңына жиналса, 1-4 сыныптарға ашық сағаттар өткізілді, ал 5-8 сынып оқушылары барлық процессті онлайн трансляция арқылы көрді.
- Соңғы қоңырау 46 мыңнан астам оқушы үшін өткізілуде. Оның ішінде 3439 9-сынып түлектері, 1414 11-сыныптар, оның ішінде 11-сынып оқушыларының ішінде алтын белгі иегері 50 оқушы, 32-сі үздік аттестат үміткері. Ата-аналары, мұғалімдері жалпы түлектер ара қашықтықты сақтап, яғни қаулы бойынша бүкіл нормаларды орындайды, - деді Павлодар қаласы білім беру бөлімінің жалпы орта білім беру секторының меңгерушісі Динара Темірбаева.
Сонымен қатар, мектеп түлектерінің қатысуымен түрлі нөмірлер орындалды. Бұл ретте, жиын 30 минуттан аспауы керек делінген. Айта кетейін, биыл қала бойынша алтын ұядан 1414 оқушы қияға қанат қақпақ. Олардың 1161-і ҰБТ тапсырады.

