• Басты бет
  • Қоғам
  • Монополияға қарсы комитет «Водоканал» атына хат жолдады

Монополияға қарсы комитет «Водоканал» атына хат жолдады

Су қызметі үшін негізсіз қарыздардың пайда болуы бойынша комитетке жүгінгендер саны ақпанда күрт артты. Сол кезде бірыңғай есептеу орталығы жүйеде ақаулар болғанын мәлімдеді. Жаңа бағдарламаға ауысты. Ал тұтынушыларға наурыз айы үшін көрсеткіштер қате есептелді. Алайда бұл жағдай осы айдың соңында да қайталанды. Павлодарлықтар әлеуметтік желіде наразылықтарын білдіріп, бейнежазбаларын жариялай бастады.

 

Бұл жолы да бірыңғай есептеу орталығы жаңа бағдарламада орын алған ақаулардың салдарын алдыға тартты. Түбіртектегі көрсеткіштер сәйкес келмеген жағдайда Сәтпаев, 156 мекенжайына жүгінуге кеңес берді. Алайда адамдар тым көп шоғырланған оқиғадан кейін қызмет беруші ұйым әкімшіліктің Instagram парақшасы арқылы кешірім сұрады. Адамдар көп жиналмас үшін судың көрсеткіштерін Whatsapp арқылы жіберуге рұқсат етілді. Ол тәулік бойы қолжетімді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әлеуметтік желідегі және БАҚ-тағы барлық шағымдарды қарастыра келе, «Водоканал» атына ескерту ретінде хат жолдады.

 

- «Павлодар-Водоканал» тиісті шараларды қабылдап, тұтынушы өтініш білдірген кезде ғана емес, кез-келген уақытта ақпараты беруге міндетті.  Олардың қолында барлық есепке алу құралдарының көрсеткіштері бар, халықты кезекке тұрғызбай бұл сұрақты өздері шешу керек. Қызмет беруші ұйым қайта есептеуді тұтынушының өтінішінсіз-ақ жасай алады, - деді бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Павел Баданин.

 

Агенттікте қала тұрғындары тарапынан одан әрі шағымдар түсетін болса, және қызмет беруші өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда монополияға қарсы тергеу ашатынын мәлімдеді.