• Басты бет
  • Қоғам
  • Мұз айдынында жүрміз. Павлодарда демалыс күндері жарақат алғандар саны күрт артқан

Мұз айдынында жүрміз. Павлодарда демалыс күндері жарақат алғандар саны күрт артқан

Тұрғындар Павлодар қаласы үлкен мұз айдынына айналған деген ойларын айтуда. Үйден ауладан шыға салысымен бірден көктайғаққа тап болады. Осы ретте, адамдар құм шашу шарасын күшейтуді сұрайды.

- Өзім құлмасам да, көз алдымда бірнеше адам құлады. Соны көріп барынша абайлап жүруге тырысамын. Дегенмен жүрісің өнбейді, - дейді павлодар тұрғындарының бірі.Сырғанақ жаяужолдарға байланысты қалалық травмотология бөлімшесіне жүгінушілердің саны артты. Демалыстың бір күнінде 70-тен аса аяқ-қолдарын зақымдаған науқас тіркелді.

- Демалыс күндері тәулігіне 71 адам жүгінді. Олардың 25-і көктайғаққа байланысты. 21 науқас аяқ немесе қолдарын сындырып алғандар санатында. Біз бірден рентгенге түсіріп, амбулаторлық ем шара тағайындаймыз. Қажет болса, науқас емханаға жатқызылады. Адамдарға табаны еңіс аяқ киім киіп, аса сақтықпен қозғалуға кеңес береміз, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.

- Жаяу жүргінші жолдарына 12 арнайы құм шашқыш көлігі құм себуде. Және де арнайы көліктер өте алмайтын жаяу жүргіншілер жолдарына 8 бригада қолмен құм себу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар демалыс күндері басталған болатын. Қазіргі уақытта әлі де жалғасуда. Сонымен қатар жолдардың жиектерін, аялдама павильондарын жаяу жүргіншілер өткелдерін тазалауға 200-ден астам адам жұмылдырылды, - дейді №1 қалалық ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Нариман Шахмарданов.

Әкімдікте көктайғақпен күрес шарасы күшейтілген тәртіпте жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Ал адамдар болса, аулалар мен жаяулар жолдарына құм себу жұмыстарын арттыруды сұрайды.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа