Новочерноярка ауылының тұрғыны: «Қазір барлығы тоңып отыр»
Екі жыл бұрын ауылдағы көпқабаттылар үйлерін әрбір пәтерде орналасқан пеш арқылы жылытып отырған. Өрт қауіпсіздігі жоғары болғандықтан тұрғындарды орталық қазандыққа қосады. Бүгінде адамдар батареяларымыз салқын деп шағымдануда.
- Өз пәтерімде пешті әлі күнге дейін алып тастаған жоқпын. Басқа адамдар орталық жылу келді деп қуанып, оларды демонтаждаған. Қазір барлығы тоңып отыр. Электр жылытқыштарды қосып, коммуналдық төлемдері өсуде. Қазандыққа күздің соңғы күндері қосты. Оған дейін пәтерлеріміз мұздай болды. 18-19 градустан аспайды. Бұл сұмдық жағдай, - дейді Юбилейная көшесіндегі №2-үйдің тұрғыны (Новочерноярка ауылы) Татьяна Новожилова.
Ауылды орталық жылумен қамтамасыз ету жұмыстары партиялық жоба аясында 2020-шы жылы орындалды. Новочернояркада жалпы 16 көпқабатты үй және 5 әлеуметтік нысан орналасқан. Қазандықтан бөлек, пәтер иелерін орталық кәріз жүйесіне де қосқан. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін олқылық анықталды.
- Мүмкін мәселе пәтерлерді дұрыс жылытпағаннан немесе кейбір үйлердің бос тұрғанынан пайда болуы мүмкін. Ешкім тұрмайтын пәтерден суық көрші үйге келуі мүмкін. Біз бұл мәселелерді зерттеп, шешімін табумен айналысудамыз. Барлық үй қоныстанғаннан кейін мәселе толықтай шешілуі мүмкін, - деп мәлімдеді Черноярка ауылдық округінің әкімі Ермек Тактаулов.
Көпқабаттылардан бөлек, ауылдың жеке секторлары да орталық жылу жүйесіне қосылған. Жалпы 400-ге жуық тұтынушы бар. Ал кәріз жүйесінің мәселесін әкім күн жылынғанда шешуге уәде берді.