• Басты бет
  • Қоғам
  • Новоямышево ауылында көпбалалы ана халықтан көмек сұрауда

Новоямышево ауылында көпбалалы ана халықтан көмек сұрауда

Март Омар 11 айлық баламен үйде отырғандықтан жұмыс істей алмайды. Айтуынша бірінші күйеуінен 4, екінші азаматтық жолдасынан 2 баласы бар. Ажырасқан жұбайы алимент төлемейді. Алды онға келген балаларын қазіргі таңда немен тамақтандыратынын білмейді. Үйде азық түлік атаулыдан ештеме қалмаған. Соңғы аптада аш құрсақ балалар тек суға піскен макарон жеп жүр.

 

- Қазір міне тағы рожки тамақ істеп бердім. Майым да, заваркам да бітті. Үйде жейтін продуктым да жоқ. Ораза кезінде қаладан бізге бір кісілер тамақ әкеп берген. 10 келі май, ұн. Сол кісілердің әкелген тамағын жеп отырмыз,-дейді көпбалалы ана.

 

Көпбалалы ана ретінде алатын 107 мың теңге ерлі-зайыптының жеті несиесінен аспайды. Отағасы әр жерде уақытша нәпақа табумен жүр. Айтуынша тұрақты, жалақысы көп жұмыс ауылда жоқ. Тапқан табысы қалаға барып келетін жолақысынан аспайды дейді.

Ал Кеңес ауылдық округінің әкімі елді мекендегі жағдайы төмен 20 отбасының барлығына шама келгенше көмек көрсетілетінін айтады. Қыста көмір, ағаш жеткізіп берген.

 

-Маған дейін 1 қыркүйектің алдында бұл отбасының мектеп жасындағы үш баласына 43 мың теңгеден бердік. Бұл ақша мектеп киімін, кеңсе тауарларын сатып алуға берілді. Енді қазір ол атаулы әлеуметтік көмек алу үшін кезекте тұр. Қазір комиссия қараған соң, қосымша осы атаулы әлеуметтік көмек алатын болады,-деп жеткізді Кеңес ауылдық округінің әкімі Аждар Жүсіпов.

 

Март Омар қазір адамдардан кез келген көмекті қабылдауға дайын. Балаларда киім, үйде іліп аларлық жиһаз, не теледидар, не тоңазытқыш, тіпті жататын төсек жоқ екенін айтады. Көп балалы отбасыға көмек көрсетем деушілер болса 8 776 320 61 18 нөміріне хабарласуға болады.