• Басты бет
  • Қоғам
  • НЗМ ерекше жоба: Көмірдің орнына – түскен жапырақтар мен макулатура

НЗМ ерекше жоба: Көмірдің орнына – түскен жапырақтар мен макулатура

Экология мәселесіне бейжай қарамайтын оқушылар көмірге деген тәуелділікті азайтып, зиянды шығарындыларды қысқартудың жолын көптен бері іздестіріп келген. Шешімді олар мектепке барар жолда тапты. Оқушылар түскен жапырақтар мен пайдаланылған қағаздарды қоқыс полигонына жібермей, оларды отынға айналдыруды ұсынды. Яғни қалдықтарды престеу арқылы отын брикеттерін жасау идеясын жүзеге асыруға кірісті.

-Біз досым екеуміз мектепке бара жатқанда, жерде жатқан түскен жапырақтар мен жиналып жатқан макулатураны көрдік. Сол кезде жапырақтар мен қағаз қалдықтарын отын көзі ретінде пайдалану тамаша идея болар еді деп шештік, - дейді Павлодар қаласы НЗМ 9-сынып оқушысы Ислам Нұргелді.

Алғашқы тәжірибелік үлгілерді жасау үшін оқушылар өздері арнайы пресстің жобасын әзірлеген. Сызбасын таныс шеберге ұсынып, қажетті қондырғыны жасатып алған. Биыл наурыз айында бұл әзірлеме пайдалы модель ретінде патент алды. Отын брикеттерінің құрамы 60 пайыз жапырақ пен 40 пайыз қағаздан тұрады. Мұндай отын көмірге экологиялық тұрғыдан тиімді балама болып, атмосфераға таралатын зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді.

-Біз Қарағанды университетінің профессорының көмегіне жүгіндік. Ол үш көрсеткіш бойынша есеп жүргізді: күлділігі, тығыздығы және жылу бөлу қабілеті. Нәтижесінде біздің брикетіміздің тығыздығы көмірмен шамалас, ал жылу бөлу қабілеті сәл жоғары екені анықталды. Яғни ол жақсы жанады, энергияны тиімдірек бөледі. Сонымен қатар, көмірмен салыстырғанда күлділігі 40 есе төмен, - деді Павлодар қаласы НЗМ 9-сынып оқушысы Жәңгір Сүйіндіков.

Павлодар қаласындағы НЗМ баламалы отын өндіру технологиялары 2020 жылы-ақ зерттеле бастаған. Сол кезде қалалық университеттердің бірімен бірлесіп, қалдықтарды қайта өңдеудің бірнеше нұсқасы қарастырылған. Алайда жапырақтан отын өндіру идеясы оқушылардың бастамасының арқасында әрі қарай дамыды. Ал тәжірибелер мұнымен тоқтап қалмақ емес.

-Айта кету керек, оқушылардың алға қойған мақсаттары ауқымды. Олар бұл жобаға көп көңіл бөліп, біраз уақыттан бері ізденіс үстінде. Қазір жас өнертапқыштар отын брикеттерін өндіруде кәдеге жаратуға болатын қосымша материалдарды пайдалануды қарастыруда. Сондай-ақ өнімнің сапасын арттыру үшін хош иістендіргіштер қосу және ылғалға төзімділігін жақсарту бағытында тәжірибелер жүргізуді жоспарлап отыр, - деп бөлісті Павлодар қаласы НЗМ физика пәнінің мұғалімі Айнагүл Белялова.

Ұстаздың айтуынша, бұл жай ғана балалардың қиялынан туған идея емес, жобаның нақты ғылыми негізі бар. Оқушылардың тәжірибелік әзірлемені толыққанды экологиялық жобаға айналдыруға мүмкіндігі зор. Бұл бастама қала қалдықтарын қайта өңдеп, оларға екінші өмір сыйлауға жол ашуы мүмкін