Нұр-Сұлтан – Павлодар бағытындағы тасжол қараша айынан бастап ақылы болады
Нұр-Сұлтан – Павлодар 375 шақырымдық тас жолымен жүру үшін жеңіл көлік иелеріне – 380 теңге, ал автобустар мен жүк көліктері үшін – 1 870 теңгеден 9 380 теңгеге дейін төлем ақы қарастырылған. Елордаға дейінгі трасса 1-ші қарашадан бастап ақылы тәртіпке көшеді. Сәйкес хабарлама, «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының ресми парақшасында жарияланды. Мамандардың айтуынша, автокөлік иелерінен алынатын барлық алымдар ел бюджетіне түсетін салмақты азайтып, жолды күтіп ұстауға кетеді. Бірақ жүргізушілер арасында бұндай пікірді қолдайтындар табылмады. Темір тұлпар иелері, әзірге ақылы тас жолының жағымды тұстарын байқайтын емес.
Жол ақысын екінші деңгейдегі банктер, төлем терминалдары, сондай-ақ мобильді байланыс операторларымен СМС жіберу арқылы төлеуге болады. Жалпы автокөліктің жеке шотын толтырудың 20-дан астам тәсілі бар көрінеді. Көлік құралдары ақылы учаскелерге қарасты аудандарда тіркелген ауыл мен аудан тұрғындары үшін 1 жылға қарастырлған 1000 теңгелік абонементтер көзделген. Ақылы жолдардың қызмет көрсетудегі артықшылықтары жайлы жүргізушілер бағасын кейін бере жатар.
Авторы: Дархан Бекишев