Нәзік жан - Анар Сыздықова
Бүгін біз - Павлодар алюминий зауытының ГМЦ №2 учаскесі сорғы қондырғыларының машинисті Анар Сыздықова туралы айтатын боламыз. Өндіріс ошағында ерлермен иық тірестіре жұмыс істеп жүрген нәзік жандыларды көргенде, демімізді ішке тартып, таңырқай қарайтынымыз рас. Солардың бірі Павлодар алюминий зауытында 30 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Анар Сыздықова. Жастайынан еңбекпен жетілген бойжеткен жеңіл саланы таңдамай, бірден гидрометаллургиялық цехқа бет бұрған. Алғашқы уақытта кездесекен қиыншылықтарға да төтеп бере алды. Ал қазіргі таңда өндіріс ошағының білгір маманы.
-
Мен 21-жастағы жас қызбын ол кезде. Әрине, зауытта бұрын істеп көрген емеспін. Қатты қиналдым. Өте үлкен өнідіріс ошағы, қорықынышты болып көрінді маған. Бұл жұмыс уақыт өте, тәжірибемен үйренетін. Қазір жастар да көп келеді, қызметке кіріп жатыр. Әйел жұмысы, ер жұмысы деген шектеу зауытта жоқ. Біздің жұмысты кейбір ер адамдар да істей алмайды. Қандай ауыр болса да, шынына келсе,- дейді Павлодар алюминий зауытының ГМЦ №2 учаскесі сорғы қондырғыларының машинисті Анар Сыздықова.
Анар Сыздықова өз мамандығына жанымен берілген машинист болғанымен, бірінші кезекте ана. Өмірін зауыттағы еңбекке арнаған жолдасымен бірге қыз тәрбиелеп, қияға қондырған. Бүгінде жиенін өсіріп, оның қызықтарын көріп, бақытты ғұмыр кешуде. Күнделікті күйбең тірлік арасынан уақыт тауып, кішкентайлардың тәрбиесіне де ерекше мән береді.
-
Әйел адамның бос уақыты болмайды, шынына келе. Үй жұмысы бітпейді ғой бізде. Әйтсе де, бос уақытым болғанда жиеніммен отыруды жақсы көремін, баланы тәрбиелеп, үйретіп. Кітап оқимын, көбінесе психология жағынан, ұнайды маған. Мен ойға бататын, ойланатын адаммын, сондықтан кітап оқығанды жақсы көремін,- Павлодар алюминий зауытының ГМЦ №2 учаскесі сорғы қондырғыларының машинисті Анар Сыздықова.
Біздің түсірілім тобы бір сәт қана бақылаған ауыр жұмысты, төзімді әрі епті машинист Анар ұзақ жылдан бері атқарып келеді. Гидрометаллургиялық цехтағы сорғы қондырғыларын ретке келтіріп, қадағалау оның бес саусағындай білетін ісі. Аяулы ана, асыл әже, адал жар бола білген маман, әріптестері үшін де үлгі-өнеге.
Авторы: Дархан Бекишев