Нәзік жан-Елена Соболева
Олар өндірістегі ауыр жұмыс - ер азаматтардың ғана емес, арулардың да қолынан келетінін дәлелдеп келеді. Солардың бірі - Елена Соболеваны Қазақстан электролиз зауытының ең маңызды маманы деуге де болады. Ол - кран жүргізушісі. Шикізатты түсіру оның басты міндеті. Биіктікте қызмет жасап жүргеніне алты жылдың жүзі болған. Елена осынау алып машинаны басқаруды өндіріске тәжірбиеге келгеннен бастап армандағанын айтады.
-
Білесіз бе,алғаш велосипедке отырғанда құлап қалармын деген қорқыныш болады. Мұна да дәл солай. Биіктікте әлденені бұзып аламын ба, қателік жасаймын ба деген үрей болды. Дегенмен, барлығын жеңіп қазір емін-еркін жұмысымды атқарудамын,- дейді Қазақстан электролиз зауытының кран машинисі Елена Соболева.
Бұл жерде қырағылық, ұқыптылық және жылдамдық сынды маңызды қасиеттер аса қажет. Оған әркімнің батылы бара бермейді. Ал Елена Соболева ауқымды өндірістік жұмыстарды асқан құштарлықпен атқарады.
-
Біз күйдіру цехында пештерді анодтармен толтырамыз, күйдіреміз содан кейін материалдарды шығарып, конвейерге басқа цехқа жібереміз,- дейді Қазақстан электролиз зауытының кран машинисі Елена Соболева.
Үйде Елена Соболева өзге нәзік жандылар секілді ошақ қасындағы тірліктерімен айналысады. Бір қызығы біздің кейіпкеріміздің жолдасы да кран жүргізушісі. Сондықтан үнемі талқыланатын тақырып табылады. Перзенттері де ата-анасын мақтан тұтады және олардың ісін жалғастыруды жоспарлап отыр екен.
-
Ұлым анашым мен сен секілді зауытқа жұмысқа барамын дейді. Жолдасым осы жерде қызмет етеді. Ол барлығымыздың бір өндірісте болатынымызға қарсы емес. Кешкі ас кезінде қызмет бабындағы сәттерді талқылаймыз,- дейді Қазақстан электролиз зауытының кран машинисі Елена Соболева.
Елена Соболева ұжымда сыйлы. Барлығы тұтас механизмдей жұмыс жасайды. Сәйкесінше, бір-біріне әрдайым қолдау көрсетеді. Оның ең басты мақсаты ұлына мамандық таңдауда көмек беріп барынша қамқор болу.
Авторы: Бекбол Мырзахан