Нәзік жан - Ирина Тарабрина
Олар өндірістегі ауыр жұмыс - ер азаматтардың ғана емес, арулардың да қолынан келетінін дәлелдеп келеді. Павлодар машина жасау зауытында ерлермен етене, нардың жүгін көтеріп жүрген нәзік жандылар аз емес. Олардың бірі Ирина Тарабрина. Металл бөлшектерін өңдеу саласындағы жұмыс өтілі 33 жыл, «ERGService»қарамағында еңбектеніп жүргеніне біржарым жыл болып қалды. Кәсіпорында оның шеберлігін жоғары бағалайды. Бұл үлкен тәжірибенің арқасында, жинақталған біліктілік дейді. 5-ші разряд екінің біріне беріле бермейді.
-
Бұл мамандықты өз еркіммен таңдадым, училище тәмәмдап, кейін машина жасау техникумда біліктілігімді арттырдым. Кескіндерді дұрыс түсінуді меңгердім. Өзіме ұнайтын кәсіп. Шығармашылық жұмыс деп атауға болады. Өңдеу өте маңызды. Қондырғыны жинақтау тікелей осыған байланысты,- дейді «ERGService»ЖШС ПМЖЗ механикалық учаскесінің өңдеушісі Ирина Тарабина.
Мінез демекші, Ирина бір ауыз сөзге тоқтап, әріптестерін де тыңдата білетін қасиетін аңғардық. Бүгінгі қоғамда мінезімен ұсақталып бара жатқан ерлерге үлгі боларлықтай жан. Жаңа ұжымға келгенде бұл қасиетін, әріптестері де байқаған.
-
Тату-тәтті ұжым. Бір-бірімізді қолдаймыз, көмектесеміз. Ирина бізде қызмет етіп жүргеніне бір жылдан асты. Өте еңбекқор. Жасайтын өнімдері де сапалы. Жауапкершілігі мықты жұмыскер. Бірден тіл табыса кеттік. Өз ісінің маманы, әрі адамгершілігі мол,- дейді «ERGService»ЖШС сынақ зертханасы және техникалық бақылау бөлімінің тексерушісі Ирина Журавская.
Иринаның қызы өндірістегі жолын қуып келеді, ол «Қазақстан Алюминийі» қарамағында істейді. Жұмыста еңбектенуге жігер беретін отбасы, сол себепті жақындарына көбірек уақыт бөлу керек дейді. Баласы үлкен болса да, өзін жас сезінеді. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды деген ұстаныммен, Ирина спортпен айналысады.
-
Анаммен бірге тұрамын. Бос уақытымда жаттығу залына барып, кардио тапсырмалармен, дене шенықтырумен айналысамын. Күнделікті аяқта тұрып, ұсақ бөлшектер дайындайсың. Шымыр болсаң, білдекпен жұмыс жасауға әлдеқайда жеңілірек. Спортқа жақын болу керек, ал жазда саяжайда еңбектенемін.- дейді «ERGService»ЖШС ПМЖЗ механикалық учаскесінің өңдеушісі Ирина Тарабина.
Ирина - үйдің шырақшысы, ұжымының бетке ұстар маманы. Елдің кәсіпорындардағы әлеуетін арттыруға ол сияқты өз саласына шынайы берілген нәзік жандылар қосып жатқан үлес айтарлықтай. Соны бағалай білуіміз қажет.
Авторы:Дархан Бекишев