Нәзік жан- Мөлдір Абжанова
Ол «ҚЭЗ» АҚ дайын өнім қоймасында 5 жыл көлемінде жұмыс жасап келеді. Кейіпкеріміз зауыттағы маңызды іске жауапы. Мөлдір өндірістен әкелінген бірнеше тонналық құймаларды қабылдайды. Кейін жіті тексерілген өнімдерді тұтынушыларға жөнелтеді.
- 2016 жылы зауытқа жұмысқа орналастым. Ең алғаш өлшеуші маман ретінде мансабымды бастадым. 1 жылдық еңбектен кейін дайын өнімдер қоймасына ауыстым. Әлбетте, не үшін ауыстың деген сұрақтар болды. Маған осы жерде жұмыс жасаған өте қатты ұнайды. Бұл ішкі жан дүниемнің қалауы, - дейді «ҚЭЗ» АҚ дайын өнім қоймасының маманы Мөлдір Абжанова.
Мөлдірдің пікірінше қазіргі таңдағы мамандықтар ерлерге және әйелдерге бөлінбейді. Шынымен де, нағыз ер азаматтардың жұмыстарын аруларымыз да еш қалыс қалмай атқаруда. Бұл ретте, бүгінгі айдарымыздың аруы зауыт игілігіне барын салатынын айтып ағынан жарылды.
- Мен мансабым бойынша өрлегім келеді. Өзімді басқа салада көре алмаймын. Тіпті жұмысымды тастау ойымда болмаған. Осындай керемет мүмкіндік беріп отырған «ҚЭЗ» АҚ алғысым шексіз, - дейді «ҚЭЗ» АҚ дайын өнім қоймасының маманы Мөлдір Абжанова.
Кейіпкеріміз ұжымда өте сыйлы. Кәсібінде адал маманды барлығы құрметтейді. Мөлдірде кішілерге ізет көрсетіп бар білгенімен бөліседі. Қазір ол тәжірибелі шеберлердің қатарында. Арасында қызмет бабына байланысты өзінің нәзіктігі жайлы ұмытуға тура келетінін де жасырмайды.
- Мен зауытта кейде қатал боламын. Бұл дұрыс. Өйткені жұмысым аса жауаптылықты талап етеді. Ал жұмыс орынынан тыс жерде өзімді нәзік жанды ретінде ұстаймын,- дейді «ҚЭЗ» АҚ дайын өнім қоймасының маманы Мөлдір Абжанова.
Мөлдір Абжанова өмірдегі ең басты таңдауда қателеспедім дейді. Зауыт қабырғасынан жіберген әрбір құймаға өзінің кішкене болса үлесін қосқанына қуанады. Еңбекқор жан бос уақытын тиімді өткізуге тырыстатынын да айтты. Ол кітап оқып, серуенге шығуды жөн санайды екен. Және өскелең ұрпаққа мамандықты жынысына қарай емес, барынша жанына жақын деп таңдау керектігін айтады. Өзі де осының нақты дәлелі.
Авторы:Бекбол Мырзахан