"Нәзік жан"

«Ирбис» телеарнасы 8-наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған «Назік жан» айдарын қайта бастайды. Бүгін біз «ERGService» электромонтері Елена Аверьянова жайлы айтамыз.

 

Елена Аверьянованың осында жұмыс істеп жүргеніне 15 жылдан астам уақыт болды.Күнде істен шығып қалған электр қондырғыларды жөндеумен айналысады. Сырт көзбен қарағанда кәсіп нәзік жандарға арналмаған сияқты, бірақ бұл жұмыста арулардың қабілеттері ерекше бағаланады.

 

  • Оқшаулағыш таспаны орау ерекше мұқят болуды қажет етеді. Ойық қалмау керек, себебі барлығы тоқ арқылы сынақтан өтеді. Сондықтан бұл жұмыста әйелдердің ұқыптылығы үлкен септігін тигізеді. Қозғалтқышты орнына қойған кезде де, байлау сынды нәзік жұмыстар жасалады, - дейді «ERGService» ЖШС ЖЭО электр жабдықтарын күрделі жөндеу учаскесінің ораушы электрмонтері Елена Анатольевна.

 

Елена Анатольевнаэлектр жабдықтарын жөндеу учаскесіндегі ауыр мамандықты тез меңгеруге тәжірибелі әріптестері көмек болғандығын жеткізді. Солардың бірі 34 жылдық жұмыс өтілі бар Светлана Салутина - жан досына айналған.

 

- Біздің жұмыс оңай емес. Бірақ біз жас кезімізден әкелерімізге қарап өстік, еңбектегі табандылыққа куә болдық. Сондықтан бұндай қиын кәсіпті меңгердік, қазір жемісін көріп жүрміз. Басқа жерге кететін ойымыз да жоқ, өз жұмысымызды жақсы көреміз,- дейді «ERGService» ЖШС ЖЭО электр жабдықтарын күрделі жөндеу учаскесінің ораушы электрмонтері Светлана Салутина.

 

Елена Аверьянова сынды кәсібіне адал маманды ұжымда құрметтеп, бағалайды. Қазір, тәжірибелі шеберлер қатарында болғандықтан, әріптестері кеңес сұрап та жатады. Олардың қатарында өзге нәзік жандар да аз емес.

 

  • Ұжымның 50%-ы әйелдер қауымы. Әрине, нәзік жандылармен жұмыс жасау кейде оңай емес. Дегенмен тіл табысамыз. Анда-санда еркелейтіндері бар. Бірақ жұмыстарын жоғары деңгейде орындайды. Біздің кәсіп өте ауыр. Соған қарамастан, еңбектенеді. Көп жыл бойы істеп келе жатқан ұжым. Аруларымыз өте құрметтейміз, - дейді «ERGService» ЖШС ЖЭО электр жабдықтарын күрделі жөндеу учаскесінің бастығы Олег Глебов.

 

Ауыр еңбекті жеңіл жасауға, жанұясы жігер береді дейді Елена Анатольевна. Жұбайы екеуі 2 қызын қияға қондырып, осы күні 3 жиенін тәрбиелеп отыр. Кішкентай балақайлар үшін қайсар мінезді әжесінің еңбек жолы – үлгі-өнеге.

 

 

Авторы: Дархан Бекишев