Облыс аумағында қосымша санитарлық бекеттер қойылуда

Біздің облыстың коронавирус індетін жұқтыру бойынша тағы да қызыл аймаққа енгені белгілі. Өсім күн санап артуда. Ол бір аптада 10,8 процентті құрады. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша бұған ең біріншіден адамдардың арасындағы қашықтық пен қатынастың сақталмауы себеп. Ал Павлодар қаласы маңындағы блокпосттар саны да көбейген.

 

- Баянауыл ауданындағы Майқайың кентінде де 26 қарашадан бастап блокпост пайда болады. Ол арқылы өту шектеледі. Одан өту үшін пвл инфо.кз сайтына тіркелу қажет. Себебі онда бүгінгі ақпарат бойынша коронавирус жұқтырған 7 адам тіркелді, - деді Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.

 

Аққулы ауданында да тағы бір санитарлық бекет пайда болды. Сондай-ақ карантин тәртібінің сақталуын қадағалайтын бақылау топтарының саны 166-ға артқан. Естеріңізге сала кетейін, аймағымызда қарашаның 9-нан бастап бірқатар шектеу шаралары енгізілген еді. Бұған қарамастан аймағымызда індет өршіп тұр. Санитарлық дәрігерлер тұрғындарды бетперде киіп, әсіресе қоғамдық орындар мен жолаушылар көліктерінде барынша абай болуға шақырды.