Облыста ПТР тест нәтижесі неге кеш дайын болады?

Аймағымыздағы эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітпейді. Коронавирус жұқтырғандар күн санап артуда. Ал адамдар тест нәтижесін бір жұмаға дейін, кейде одан да көп күтуге тура келеді дейді.

 

- Меніңше ПТР тест тапсырған кезде азғантай уақытта, сол күні дайын болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені іссапармен жол жүресің, қазір теміржолмен жүрген кезде тесттің қағазы керек екен. Сондықтан қолма-қол дайын болғаны дұрыс болады деп ойлаймын өз басым, - дейді қала тұрғыны.

 

Денсаулық сақтау басқармасында өткен аптада ұлттық сараптама орталығында жабдық сынып қалғанын жеткізді. Сонымен қатар тегін тест тапсырғандардың анализі толықтай сонда зерттеледі. Ал ақылы түрде жеке клиникаларға тапсырсаңыз нәтиже бір тәуліктен соң дайын болады.

 

- Неге онда ұзақ дайындалатынына келсек, мемлекеттік тапсырыс арқылы төленетін барлық зерттеулер сонда жүргізіледі. Бұл дегеніміз төрт шекара Железин, Ертіс, Шарбақты және Успен аудандары арқылы өтетін адамдардың талдаулары. Барлық жүргізушілерді, науқастармен жақын қатынаста болғандарды ұлттық сараптама орталығына жөнелтеді, - деді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситказинов.

 

Айдар Ситқазинов қазіргі таңда тест нәтижесін жылдам жариялау үшін барлық қажетті шаралар жасалып жатқанын жеткізді. Естеріңізге сала кетейін өткен тәулікте аймағымызда коронавирус жұқтырудың 108 жағдайы тіркелген. Павлодар облысы қайтадан қызыл аймаққа енді.