Облыста тұмауға қарсы екпе алу тегін жүргізіледі

 

 

Санитарлық-эпид бақылау департаментінің ақпараты бойынша, бюджет есебінен қажетті вакцинаның жеткілікті саны сатып алынды. Сол себепті ақша төлеп екпе алудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, мамандар алдағы маусымдағы аурудың штаммдары туралы айтты.

 

Естеріңізге салсақ, биыл Павлодар облысында тұмауға қарсы вакцина алу шарасы республика бойынша ерте, яғни қыркүйектің 26-сы басталды. Мамандардың ақпараты бойынша аймағымызда суық тию, тұмау аурулары енді ғана келіп жатыр. Жаз мезілімен салыстырғанда науқастардың саны артты. Бірақ көп емес. Сол себепті ақ халаттылар екпе алуға шақырады. Оны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасауға болады.

 

-Қазір ақылы түрде тұмауға қарсы екпе салу жоқ. Бізде ақылы кабинеттер бар. Бірақ олар екпені сатып алмады. Барлығы бюджеттік тұрғыдан жүзеге асады. Бүгінде аймағымызға сатып алынған вакцинаның саны жеткілікті. Сол себепті ақылы түрде бұл шараны өткізбейміз,-деп мәлім етті Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Күлмағамбетова.

 

Бюджет есебінен Ресейде өндірілген вакцинаның 90 мың дозасын сатып алды. Шамамен жергілікті тұрғындардың 12 пайызын қамтуға тырысады. Биылғы маусымда жаңа H1N2 және В тобына жататын тұмаудың түрлерін күтуде. Олар аса қауіпті емес. Өткен жылы қазан айынан сәуірге дейін ресми түрде тұмаудың 13 дерегі расталды.