Ораза айт құтты болсын!
Биыл екінші жыл қатарынан ораза айт мерекесі карантин тәртібінде өтуде. Адамдарға арақашықтықты сақтап, бетпердемен келу туралы алдын ала ескертілді. Шектеулерге қарамастан алаңға жиналған адам саны көп болды. Таңғы жетіде жамағат айт намазын оқып, бірін-бірі ұлық мерекемен құттықтады.
- Міне, біздер қасиетті болған Рамазан айымен қоштастық. Алла Тағала осы Рамазан айында оқыған дұға-тілектерімізді, барлығын қабыл етсін. Иманымызды кәміл етсін. Адам баласы оразаны Алла тағаланың разылығы үшін ұстайды. Бүгін міне 13 мамыр ораза айтты қарсы алып жатырмыз, - деді ҚМДБ Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы.
Адам баласын сабырлық пен төзімділікке шақыратын келесі Рамазан айын барша мұсылман қауымы асыға күтері анық. Ораза айт күні адамдар ауыз ашып, бір-біріне қонаққа барып, балаларға сыйлық жасайды. Әдетте мешіттер аумағында түрлі ойын-сауық шаралары өткізілетін. Алайда оған биыл да карантин кедергі болып отыр.

