ПАЙДАЛЫ ҚОСЫМША
Баспанадағы әрбір жануардың өзіндік тарихы бар. Енді бұл оқиғалармен электронды каталог арқылы танысуға болады. Онда барлық жануардың жасы, көлемі, мінезі, денсаулық жағдайы көрсетілген. Мұндай ақпарат болашақ иелеріне саналы таңдау жасауға көмектеседі.
-
Қосымшаның ішінде баспананың жаңалықтар бөлімі, біз енгізе алған үй жануарларының барлығының каталогы бар. Басшының байланыс нөмірі және қайырымдылық жасауға арналған арнайы бөлім қарастырылған. Мәселен, жануарларға азық-түлік, жем, ем-дом, баспана немесе түрлі ойыншықтар алып беруге болады. Көшеден қараусыз қалған жануарды тауып алсаңыз, мобильді қосымшаға немесе біз әзірлеп, іске қосқан Telegram-ботқа кіріп, табылған жануар туралы ақпаратты енгізе аласыз, - дейді жоба авторы.
«Үміт мекені» жануарлар панасына арналған аттас жобаны 14 жастағы Мирон Шанькин әзірлеген. Ол мобильді қосымшамен қатар Telegram-ботты да жасап шығарды. Оның көмегімен көшеден табылған жануар туралы хабарлап, оның өз иесін табуына көмектесуге болады. Ал жануарлар панасында орын болмаған жағдайда ветеринарлық клиникалардың байланыс деректері де қарастырылған.
-
Өз итіме қарасам, оның қарны тоқ, суы бар. Үй ішінде еркін жүгіріп, көңілді жүреді. Ал көшеде жарақаттанған, қараусыз жануар көп. Олар мұндай жағдайға не үшін душар болуы керек? Олар да менің үйімдегі ит сияқты тіршілік иелері ғой. Сондықтан көмектесуді ұйғардым, - деді Мирон Шанькин.
Жобаның идеясын Миронға анасы ұсынған. Оның кеңесімен оқушы жануарлар панасына өзі барып, төрт аяқты тұрғындармен танысып, олардың қандай қиындықтарға тап болғанын білген. Осыдан кейін мектеп оқушысы технологияның көмегімен жануарларға қол ұшын беруді ұйғарған.
-
2025 жылдың қараша айында «Зерде» байқауына қатысу үшін жоба әзірлеу туралы айтты. Мен оның идеясын қолдадым. Мирон тек техникалық жағынан көмектестім. Ол қосымшаны әзірлеуге қажетті барлық құжатты зерттеп, бағдарламалауды меңгерді. Сөйтіп ат-бот пен сайтты өзі жасап шықты, - деді Павлодар қаласы инновациялық үлгідегі №39 мектептің информатика және жасанды интеллект пәні мұғаліміЛилия Дементьева.
Жобаға сегіз ай кеткен. Осы уақытта Мирон «Зерде» байқауының қалалық және облыстық кезеңде екінші орын иеленді. Қазіргі мобильді қосымша мен Telegram-бот іске қосылған. Ендігі мақсат – қосымша туралы мүмкіндігінше көп адамға ақпарат жеткізу. Мирон плакат әзірлеп, қала көшелеріне іліп жүр. Сондай-ақ жануарлар панасы туралы ақпарат жазылған шоколадтар таратады.

