Павлодар қаласында барлық тұрғын үйлерге ыстық су берілді
Қыркүйектің 4-і күнгі мәлімет бойынша, қаладағы 1308 көпқабатты үйдің барлығы орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етілген. Дегенмен, жылыту маусымына дайындық жүріп жатқандықтан кей мекенжайларда қысқа уақытқа қайнақ өшірілуі мүмкін деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Энергетикалық компания өкілдері қаланың оңтүстік және солтүстік бөліктеріне ыстық су беру мерзімін тамыздың 25 мен 28-не белгіленген болатын. Бүгінгі таңда барлық мекенжайларда қайнақ су бар. Бұл – жаз бойы жүргізілген жоспарлы жөндеу мен сынақ жұмыстарының нәтижесі.
- Гидравликалық сынақтардан кейінгі ақаулар толық реттелді. Бірақ, қазіргі уақытта жылу маусымына дайындық жүріп жатыр. Сол себепті кейбір аудандарда қысқа мерзімге ыстық су уақытша өшірілуі мүмкін. Бұл – жүйелерді қайта тексеру, техникалық ақаулардың алдын алу үшін жасалып жатқан шара,-деді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.
Бүгінгі таңда қаладағы үйлердің 95%-ы жылыту маусымына дайын деді қалалық әкімдік өкілдері. Сондай-ақ, барлық өзгерістер алдына ала хабарланатынын мәлім етті.
Фото: Freepik.com
