Павлодар қаласында жылдың соңғы бос орындар жәрмеңкесі өтті
Айта кету керек бұл жұмыс беруші мен болашақ қызметкерлердің тікелей сөйлесуіне мүмкіндік беретін тәсілдердің бірі деп хабарлайды irbistv.kz.
Жылдың соңғы жәрмеңкесіне келушілер қарасы қалың болды. Көбісі студенттер мен түлектер, сонымен қатар түрлі жағдай бойынша жұмыссыз қалған азаматтар мен зейнетке шыққандар.
«Әрине ең алдымен жастарға жалақысы көбірек жұмыс керек. Біріншіден жалақы тұрақты болу керек. Күнделікті ай сайын түсіп отыратындай. Мұнда бір жақсысы бір жұмыс берушілермен тікелей сөйлесе аламыз, - дейді жұмыс іздеуші Асылбек Еламан.
30-дан астам жұмыс беруші 300-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Негізінен ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес, мемлекеттік мекемелер. Көбінесе жұмысшы мамандықтар сұранысқа ие.
- Осындай жыл басынан өткізілген 100-ден астам жәрмеңке болды. Онда алты мыңға жуық жұмыс іздеуші қатысты. Олардың 15 пайызы жұмысын тапты, - дейді Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасары Нұрлан Бекежанов.
Айта кету керек, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізу келесі жылы да жалғасын таппақ. Бүгіннің өзінде кейбір павлодарлықтар үшін жұмыс іздеу мәселесі сәтті аяқталды.
Бибінұр Хамитқызы
