• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар өңірі тұрғындарының ауруханаларға деген шағымдары күрт арта түсті

Павлодар өңірі тұрғындарының ауруханаларға деген шағымдары күрт арта түсті

Облыс әкімдігіне тұрғындар тарапынан түскен шағым саны 5%-ға ұлғайған. жалпы 1273 сауал түскен. Бұл тек ресми қағаз жүзіндегі өтініштер бойынша, ал күнделікті қанша мәселе туындайтындығын ауруханаға барған кез келген павлодарлық жақсы біледі. Жағымсыз динамика, өңір орталығында ғана емес, Екібастұз бен екі ауданда да көрініс табуда. Аймақ басшысы олқылықтарды нұсқап, антирейтинг көшбасшыларын атады.

 

-Шағымдардың көпшілігі Павлодар қаласының №3 емханасы, №1 емханасы, Екібастұз қаласы №3 емханасы және Павлодар қаласының теміржол ауруханасына қатысты жиі келіп түседі. Ал аудандар ішінде Баянауыл мен Железин ауруханалары екені белгілі. Осы нысандар бойынша нақты тексеріс жүргізіп, нәтижесін маған баяндайсыздар,-деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

 

Облыстың бас дәрігері ақпараттық түсіндіру жұмысы ақсап тұрғандығын мойындады. Бұл ретте, шағымдардың көбісі мамандар жетіспеушілігіне де қатысты екендігін алға тартты.

 

-Негізгі шағымдар сирек кездесетін дәрігерлер қабылдауына ұзақ уақыт кезекте тұруға қатысты. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша осал тұстар бар. Шағым түскен бетте, бір күн ішінде шешімін табуға тырысамыз. Жедел әрекет ету үшін арнайы басшылармен бірге чат ұйымдастырылған,-деп мәлімдеді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситказинов.

 

Осы аптада шағым көп түскен медицина ордалары бойынша мониторинг жүргізу жоспарлануда.