• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар алюминий зауыты пеш мұржаларынан шығатын түтін уақыт өте келе мүлдем көрінбейтін болады

Павлодар алюминий зауыты пеш мұржаларынан шығатын түтін уақыт өте келе мүлдем көрінбейтін болады

«Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытынының қабырғасында тарихи сәт. Кәсіпорынның жентектеу пештеріндегі газтазарту жабдықтарын қайта құру бойынша белгілі Тhyssenkrupp Industrial Solutions неміс компаниясымен келісім шартқа қол қою рәсімі өтті. Серіктестік арқасында Павлодар алюминий зауытындағы 4 электрлі сүзгі алмастырылып, гибридті қондырғылар технологиясы бойынша еуропалық стандарттар деңгейінен асып түсуі мүмкін болады.

- Газды тазалау тиімділігі шамамен 99,99% құрайды, біздің ортақ жұмыс қаладағы атмосфералық ауаға оң әсер етуге бағытталған. Зиянды заттарды текше метріне 500, 600, 700 мг көрсеткішінен 1 милиграммнан төмен дәрежеге дейін түсіреміз. Бұл еуропалық стандарттан да жоғары, - дейді Тhyssenkrupp Industrial Solutions компаниясының ТМД бойынша аймақтық директоры Роман Карл.

Айту керек, аталмыш бастама Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен металлургиялық холдингінің экологиялық стратегиясы аясында жүзеге асырылып отыр. Нәтижесінде «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытында №4 және №5 жентектеу пештеріне 4 электрлі сүзгілер жеткізіліп, орнатуға қатысты шарт бекітілді.Жобаның бұл фазасына құйылатын инвестиция көлемі – 19 миллиард теңгеден астам.

- Бұл жоба атмосфераға газдармен шығарылатын қатты бөлшектердің азаюына әсер етеді. Павлодар алюминий зауытына сырттан қараған тұрғындардың өзі, шығарындылар көлемінің азайып бара жатқанын және тазарғанын байқай алады. Қатты бөлшектердің мәселесін ретке келтірген соң, газдардың өзін тазартуды қолға алмақпыз, - дейді ERG Capital Projects бас директоры Ардақ Нұразханов.

Айта кету керек, Павлодар алюминий зауытындағы шаң мен газтазарту қондырғыларын кезең-кезеңімен жаңғырту ауқымды экостратегияның тек бір тармағы ғана. Мәселен, өткен жылы Thyssenkrupp мамандары өндіріс ошағында №1 және №2 пештеріндегі қос сүзгіні алмастырған еді, жұмыскерлер олардың кәсіпорынға толық сәйкес келетіндігін айтуда. «Гибридті» қондырғының ұтымдылығы оның электрлі де, жеңдік те болуында, дейді мамандар.

- Барлық 5 пеште де газдан тазалау қондырғылары жұмыс жасайды. Соңғы екеуіне, 4 және 5 пеште қайта жаңғырту жүргізілді. Соның арқасында зиянды заттардың шығарылу көрсеткішін 5 есе азайтуға мүмкіндік берді, - дейді «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының учаске басшысы Анатолий Дунаевский.

Бірегей бағдарламаның түпкі мақсаты қалған №7,8,9 және 10 сүзгілерді толық алмастыру. Бұл бастама 2030 жылға дейін жалғасын табады.

 

Авторы: Дархан Бекишев