Павлодар көшелеріне 83 миллионға раушан гүлдері отырғызылды
Қаланы көгалдандыру жұмыстары қатқақ суықтар өткеннен соң, мамыр айында қолға алынған еді. Соңғы жылдары мамандар көпжылғы гүлдерді өсіруге басымдық берген. Бұл жолы көпжылдық гүлдің бір-ақ қана түрі – раушан егілді. Оларға бюджеттен 83 млн теңге қаржы бөлінген. Коммуналшылардың айтуынша, бұл соммаға гүлдің құны, оның тыңайтқыштары мен топырағының бағасы кіреді.
-Көпжылғы гүлзарлардың арасында раушан гүлінің бағасы неғұрлым арзан. Мәселен басқа түрлері 2000-3000 тг тұрса, 1 раушанның бағасы 619 тг-ні құрайды. Бұл сметадағы бөлінген қаражаттың құнына сәйкес келеді. Келесі жылы ирис пен шай раушаны қалаға көрік бермек,-деді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімі көгалдандыру секторы меңгерушісінің орынбасары Бағдат Жингулова.
Қаламызда көпжылдық гүлзарлар 6 мың 800 кв метр аумақ жерге отырғызылған. Мамандардың айтуынша, раушан гүлдері бұған дейін да қала көшелеріне көрік берген және құбылмалы ауа райына бейім. Айту керек, келер жылы бұл жұмыстар жалғасын табады.