Павлодар көшелері мен аулаларын су басты

 

 

Қала тұрғындары шағымдарын жеткізіп жатыр деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі

 

Мерекелік көңіл күймен бірге, қаламызға ағын сулары да келді. Демалыс күндері орын алған жылы температура салдарынан Павлодар шағын Венецияға айналғандай. Әсіресе, жеке сектор тұрғындары көптеп шағымдануда. Кейбіреулеріне ол өтуге кедергі болса, басқалары су үйге кіреді деп алаңдады. Жыл сайын Екінші Павлодар, Дачный, МДС және Зеленстрой ауданының тұрғындары бұл мәселеге тап болады.

 

-Қарды тазалаған, су сорып жатқан көлікті өз басым көрмедім. Жұмыс жасап жатқаны байқалмайды. Қолға алмаса болмайды,-деп ойымен бөлісті қала тұрғындарының бірі.

 

Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы күндері плюстық температура күшейеді. Сол себепті коммуналшылардың жұмысы да артады.

 

-Қаланың коммуналдық қызметтерімен еріген қар суын сорғызу жұмыстары жалғасуда. Қала көшелерінде 20 арнайы техника мен 4 мотопомпа осы су сорғызу жұмыстарына жұмылдырылған. Бұл су сорғызу жұмыстары тәулік бойы яғни, күндіз де түнде де жүргізіліп жатыр,-деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Оразбек Саяхат.

 

Коммуналшылардың айтуынша, қазіргі уақытта жеке сектор және көпқабатты үй ауласындағы жиналатын үлкен шалшықтар ерекше бақылауда. 10 күннің ішінде 30 мыңнан аса текше метр су шығарылды. Арнайы техникаға деген өтінішті 109 колл орталығында қалдыруға болады.