Павлодар мұнай химия зауытына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Бұл туралы бәсекелестікті қорғау департаментінде мәлім етті. Ведомство өңірлік прокуратурамен бірге тексеріс жүргізіп, қазір сотқа дейінгі тергеу басталып кеткен. 2020 жылы өтелген Павлодар мұнай химия зауыты шығындары, белгісіз себептермен 2021 жылға ауысып, шикі мұнайды қайта өңдеу құны 4 мың теңгеге қымбаттаған, яғни өнімнің тоннасы 19 мың теңгеден, негізсіз 23 мың теңгеге дейін көтерілген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаменті өңірлік прокуратураның басшылығымен жүргізген тексеріс дәл осындай қорытындыға келген. Өндіріс ошағы жоғары баға белгілеп қана қоймай, өзінің үстем жағдайын арам пиғылдарын жүзеге асыруға пайдаланған.
-
Монополиялық жоғары баға белгілеу қорытындысын прокуратураға олар, облыстық экономикалық тергеу департаментіне жолдады. 31 наурызда аталмыш ведомство шикі мұнайды қайта өңдеу бойынша қызметтерге монополиялық жоғары бағаны белгілеу фактісі бойынша «ПМХЗ» басшылығына қатысты, сотқа дейінгі тергеуді тіркеді, яғни қылмыстық іс қозғалды,- дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Бейбіт Молдабеков.
Тексеріс анықтаған бұзушылықтың қаржылай көлемі тергеуге байланысты жария етілмейді. Сомма аз емес дейді мамандар, сондықтан ірі көлемдегі айыппұлмен ғана емес, жауапты тұлғалар бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұны санкция да көздейді. Әзірге нақты лауазымдар белгіленбеген.
Авторы:Дархан Бекишев