Павлодар облысы 80% жылу маусымына дайын

Екібастұз қаласын алдағы қыста 6 қазандық жылытатын болса, Павлодарда желілердің жөндеу жұмыстарын аяқтауда. Батареялар дәстүр бойынша қыркүйектің ортасында ыси бастайды. Толығырақ шығарылымның алғашқы сюжетінде.

 

Энергетика және ТҮКШ басқармасының ақпараты бойынша Екібастұзда биыл жалпы ұзындығы 3 жарым шақырымды құрайтын жылу магистралі жаңартылды. Қазір тағы екеуі жөндеуден өтуде. Олардың жалпы ұзындығы 4 километрді құрайды. Жылу электр орталығы да алдағы қысқа толықтай дайын.

  • Мемлекет резервінен Екібастұздың жылу электр орталығына қосымша қаражат бөлінді. Оған 15-ші қазандық жөнделіп, кәсіпорын ішінде жаңа су құбырының құрылысы басталды. Жылыту маусымын 6 қазандықпен бастаймыз. Олардың саны жеткілікті, - Павлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов.

 

Ал облыс орталығындағы Қамзин көшесіндегі жылу магистралінің құрылысы аяқталуға жақын. 2025-ші жылы қала сыртында орналасқан №1 жылу электр орталығына апаратын магистраль жаңартылады. Биыл орамішілік желілерге ерекше көңіл бөлуде. Келесі жылы Жаяу Мұса және Шөкин – Сәтпаев көшелеріндегі құбырларды ауыстырады. Шенеуніктер жылыту маусымының басталу мерзімі жайлы да айтты.

  • Казгидромет ақпараты бойынша биыл күз өткен жылғыдай өтеді. Әзірге нақты қандай температура болатыны белгісіз. Бірақ болжам нормаға сай екенін білеміз. Олар температураның күрт төмендеуі болады деген ақпарат берген емес, - деп атап өтті Ержан Иманзаипов.

Ағымдағы жылы орындалып жатқан магистральдің жаңартылуы арқасында, көптеген мекенжайларға жылу толық көлемде баруы тиіс деп айтты басқармада.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа