• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысы білім беру саласындағы шағымдар саны күрт өскен

Павлодар облысы білім беру саласындағы шағымдар саны күрт өскен

 

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиын барысында аймақ басшысы шенеуніктер жұмысын сынға алды дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Ағымдағы жылдың 8 айында Павлодар облысы тұрғындарынан мемлекеттік органдарға 61 мың өтініш келіп түскен. Бұл ретте, білім беру саласына қатыстылары 13%. Көрсеткіш артып отыр. Оқу жылы қарсаңында шағымдар көбейіп, басым бөлігі Асайын Байхановтың желідегі парақшасына тікелей келіп түсуде. Облыс әкімі білім беру саласындағы үйлестіру шараларын қайта қарау қажет екендігін айтып, басқарма басшылығы жұмысын сынға алды.

 

- Мектепке дейінгімекемелерге балаларды қабылдау бойынша шағымдар бірнеше есе артты. Бұл бағыттағы ақпараттық жұмыс баяу, тіпті нашар деп айтуға болады,-деді облыс әкімі Асайын Байханов.

 

- Иә бұндай мәселелер болды. Көбінесе базалардың бір-біріне кіріп кетуі, ата-аналардың электронды түрде келісім-шаррттарға қол қоя алмауы сияқты мәселелер туындады. Негізгі жолдамалар алынып болды. Тағы бір мәселе, мектепке дейінгі мекемелерде екпе алмаған балалардың саны 10% аспауы тиіс. Ал бұл көрсеткіш бізде асып отыр. Сондықтан қабылдау бойынша мәселелер туындаған,-деп жеткізді облыстық білім беру басқармасы басшысы Самал Айтқазина.

 

Асайын Байханов оқу жылы басталмай жатып, білім мекемесіндегі орын алған келеңсіз жағдайларға да тоқталып, ұстаздар қауымын, шенеуніктерді бұл саладағы адами факторларға көңіл бөлуге шақырды. Әсіресе, жаңа оқушы мектепке келгенде, ерекше адаптация мен интеграциядан өткізу маңызды дейді.

 

- Мектеп балалардың жүректеріне мейірімді ұялататын мекен болу керек. Өте маңызды. Мейірімсіз алынған білім, жақсылыққа әкелмейді. Одан шапағат ешкім көрмейді. Сондықтан жүректерін ой, мейірім бір тамшысы болмаса қиын болады бізге,-деді облыс әкімі Асайын Байханов.

 

Аппараттық жиындағы білім беру саласындағы өзекті сұрақтарды қорытындылай келе, Асайын Байханов орын алған дағдарыстық жағдайларда шенеуніктерге мәселені жасырмай, тұрғындарға жедел жауапты жеткізіп, әлеуметтік желілерді әдемі есеп беру алаңы ретінде ғана емес, тиімді ақпараттандыру құралы ретінде қолдануға шақырды.