• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысы шенеуніктері аймақ тұрғындарын көмірді қазір сатып алуға шақырады

Павлодар облысы шенеуніктері аймақ тұрғындарын көмірді қазір сатып алуға шақырады

Айтуларынша ертерек қамданса, қыркүйекте дүрбелең болмайды. Ал халық қалаулылары энергетика басқармасынан бағаны ұстап тұру үшін тасымалдаушылармен келісім жасауды талап етті.

Аймағымызда көмір жеткізу мәселесі жыл сайын күзде жұртты әбігерге салады. Барлығында күн суытқан кезде қатты отынға сұраныс артады.

- Алдағы жылу маусымы кезіндегі қатты отынға деген сұраныс шамамен 639 мың тоннаны құрайды. Бұл халық үшін 428 мың тонна, ал бюджеттік ұйымдар үшін 132 мың тонна қажет. Қалған орталықтандырылған қазандықтар үшін 79 мың тонна керек, - деді Павлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының м.а. Асхат Жакупов. Энергетика және ТҮКШ басқармасының өкілі бүгін халық қалаулыларына көмір бағасын өткен жылғы деңгейде ұстап тұру үшін келісім жасалғанын атап өтті. Естеріңізге салсақ ол кезде баға тоннасына 8-ден 16 мың теңгеге дейін болған еді. Ал аудандарда көлік шығынын қосқанда анағұрлым қымбаттау шықты.

- Көмірдің бағасы өткен жылғыдай болады деп айттыңыз. Баспасөз өкілдері куә. Сол себепті қазір көмір кеніштерімен меморандум жасап, бағаны бекітіп қойыңыз. Қыркүйектің екінші жартысында тұрғындар толық көмірмен қамтылуы тиіс, - деді Павлодар облыстық маслихатының хатшысы.

Бүгінгі таңда жылу маусымына Павлодарда 500, Екібастұз бен Ақсуда 180 көпқабатты үй дайын.

 

Авторы: Бибінұр Хамитқызы