Павлодар облысы тұрғындарына сайлауға шақыру қағаздары таратылуда
Учаскелік сайлау комиссиялары тұрғындарға шақырту қағаздарын қарашаның 18-н қоса алғанда табыстауы тиіс. Егер комиссия мүшелері келген сәтте үйде болмасаңыз, олармен байланысып, қайта келу уақытын келісуге болады. Сайлаушылар тізімінде бар-жоғыңызды жеке куәлікті көрсету арқылы тікелей учаскеде тексеруге мүмкіндік бар. Егер тізімнен қате табылса немесе өз деректеріңізді таппасаңыз, растайтын құжаттарды қоса тіркеп, жазбаша өтініш бере аласыз. Ол өтініш түскен күні қаралады. Өз сайлау учаскесінің мекенжайын Call-орталықтар, «109» бірыңғай байланыс қызметі және «PVLSailau» Telegram-боты арқылы білуге болады. Дауыс беру күні облыстағы 227 учаскеде электронды үкімет порталы арқылы тіркеуді тексеру қызметі қолжетімді болады. Ал тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтар үшін жылжымалы ХҚКО-лар жұмыс істейді: оның төртеуі — Павлодарда, Екібастұз бен Ақсу қалаларында бір-бірден ашылмақ. Онда бір тәулікке уақытша тіркеуге тұрып, дауыс беруге қатысуға жағдай жасалады. Еске салайық, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы қарашаның 29-ы өтеді.

