• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысы вирустық инфекциялар бойынша жағдай тұрақты

Павлодар облысы вирустық инфекциялар бойынша жағдай тұрақты

 

 

Бүгінгі таңда Павлодар облысында тұмаудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Дей тұра, 4 қазаннан бері облыста ЖРВИ-дің 10 мың жағдайы тіркелген дейді irbistv.kz тілшісі.

 

ЖРВИ қатысты жағдайлардың жартысынан көбі 14 жасқа жетпегендер дейді мамандар. 74 науқас стационарға ем алуға жіберілген, оның 24-і сәби.

 

- 36 науқас пневмониямен ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың саны — 22. 1 жасқа дейінгі балалар арасында 8 бала ауруханаға жатқызылды,-деді Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Дощанова.

 

Естеріңізге сала кетейін, өңірде 20 қыркүйектен бері тұмауға қарсы вакцинация жүргізілуде. Бүгінде 46 мыңға жуық адам екпе алған. 2,5 мыңы жұмыс беруші тарапынан болса, қалғандарынікі тегін. Әзірше тұмау дерегі анықталған жоқ, дегенмен, босаңсуға болмайды дейді мамандар.

 

- Адамнан жөтел, мұрынның бітелуі, дене қызуының көтерілуі сынды тұмаудың белгілерін байқасаңыз оқшауланған абзал. Жеке гигиена құралдарын ұстанып, бөлмені жиі желдету керек, қолды сабынмен және сумен жиі жуып, балаларды балабақшаға немесе мектепке жібермей дәрігерлерді шақырған жөн,-деді Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Дощанова.

 

Бұл ретте, статистикалық деректерге үңілсек, тұмау мен ЖРВИ қаңтар-ақпан айларында белең алады. Оған қоса коронавирус деректері де тіркеліп жатыр дейді ақ халаттылар. Жыл басынан 69 адамнан індет ошағы анықталыпты.