Павлодар облысы қысқа дайын ба?

Жаз мезгілінде екі жыл бойы қайнақ сусыз отырған 29 тұрғын үйге ыстық су берілді. №31 жылу магистралінің қайта құрылысы аяқталды. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында белгілі болды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы талқыланды.

 

Облыстағы көпқабатты үйлердің 90% жылыту маусымына дайын. Биыл жоспарланған жылу желілерінің жөндеу жұмыстары жоспардан артық орындалған. Мәселен, Естай, Абай, Кривенко және Исиналиев көшесін қамтыған №31 жылу магистралінің құрылысы аяқталды. Қайта жөндеу кезінде аталмыш аудандағы тұрғын үйлер жаз бойы қайнақ сусыз болған еді.

 

- Өткен жылыту маусымында аталмыш мекенжай тұрғындарына жылу басқа желілерден тартылған. Екі жылдық жобаның құрылысы биыл аяқталды. 1,5 шақырым желі жаңартылып, нәтижесінде аталмыш аудандағы тұрғын үйлердің жылумен жабдықталуын едәуір жақсартады, -дейдіПавлодар облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов.

 

Облыстағы білім беру 99,7%, денсаулық сақтау 98, әлеуметтік мәдени нысандардың 99,3% жылыту маусымына дайын. Қатты отынға деген жалпы қажеттілік 640 мың тоннаға тең. Естеріңізге салсақ, тұрғын қордың батареялары 26-шы қыркүйектен қыза бастайды.

 

- Қосымша тапсырма қала басшылығына жеке штаб құрыңыз осы 24/7 күн сайын осы мәселе жеке бақылауыңызда болуы керек. Бұл бір, екіншіден маған деген күн сайын тәулік бойынша жеке шағымдар түсе бастайды әлеуметтік желіде. Сондықтан осы мәселелерге жеке назар аударыңыз, - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

 

Жиын соңында аймақ басшысы энергетика және ТҮКШ басқармасына аудандар бойынша толыққанды мониторинг жасап, көмір қоймаларын 1-ші қазанға дейін толтыру тапсырмасын берді. Ал алпауыт компаниялары барлық жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтауы керек.