• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысына 80 мың дозадан астам тұмауға қарсы вакцина жеткізілді

Павлодар облысына 80 мың дозадан астам тұмауға қарсы вакцина жеткізілді

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау басталды. Биыл халықты тегін иммундау үшін еліміз бойынша 2,1 млн доза вакцина сатып алынған деп хабарлайды irbistv.kz. Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіле бастады.

Марина Сайфутдинованың кішкентай ұлы бар. Сол себепті ол вирустық инфекция өршитін уақытта барынша салауатты өмір салтын ұстанып сақтануға тырысады. Сол себепті биыл да жылдағы әдетінше тұмаудан екпе алуға дайындалуда. Айтуынша ол аурудың асқынуына жол бермейді.

 

- Менің жолдасым өзім, және екі балам жыл сайын тұмауға қарсы екпе аламыз. Себебі әр аурудың салдары болады. Вакцина алған соң тұмау да жеңіл өтеді. Қазір күн суытып, індет ушығатын уақыт. Екпе салу бұл өз денсаулығың туралы ойлау деп ойлаймын, - дейді қала тұрғыны Марина Сайфутдинова.

 

Инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында келесі аптада Павлодар облысына 80 мың 300 доза вакцина жеткізіледі. Вакцина қауіп тобына жататын тұрғындарға тегін қолжетімді болады, ал қалған азаматтар ақылы негізде егіле алады. Иммундауды 5 қазаннан бастады.

 

-Биылғы науқан аясында ресейлік өндірістің «Гриппол» вакцинасы сатып алынды. Көп жыл бойы осы вакцинаны салып жүрміз. Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді, өте тиімді, - деп мәлімдеді «Almaz Medical Group» ЖШС емдеу, алдын-алу жұмысы бойынша директордың орынбасары Гүлмира Сарсенова.

 

Бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуына бейім адамдар тегін вакцинацияланады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.

Қазан айы тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуіне дейін вакцинациялау үшін оңтайлы кезең саналады. Вакцинация аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Аталған топқа жататын азаматтарға вакцинация туралы ақпарат алу үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгіну ұсынылады.

 

 

Бибінұр Хамитқызы