Павлодар облысына дәрігерлер мен мұғалімдер керек

Ағымдағы жылы жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 700 миллион теңге бөлінген. Бұл ретте 9 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда оның 3 мыңына жұмыс тауып берген. Оңтүстік өңірлерден біздің аймақта тапшы 181 маманды көшіріп әкелген. Олардың отбасындағы әр мүшесіне 70 АЕК өтемақы төленіп, баспана ұсынылады. «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыссыздар үшін үш бағыт бар.

 

- Бірінші бағыт ол қысқа уақытта оқыту. Сәуірдің 1-нен бастап оған 215 адам бағытталған. Кәсіпкерлер сылақшы, бетондаушы, аспазшы, қоймашы секілді мамандарға өтінім жасады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды массаж жасаушыға оқытып, жұмысқа орналастырамыз, - деді Павлодар қаласы жұмыспен қамту орталығының басшысы Динара Ағзамова.

 

 

Бизнес жобасын сәтті қорғағандарға шілде айында өз ісін бастауға 215 грант табысталады. Екінші бағыт бойынша 28 қатысушыға 358 миллион теңге  микронесие қарастырылған. Оны қазіргі таңда әзірге төрт адам алды. Жұмыссыздар мен өзіне-өзі жұмыс істеушілер бұл жобаға да қатыса алады.

 

- Үшінші, «Еңбек» сайтында 180-нен астам бос жұмыс орны көрсетілген. Жыл басынан 2500 адамның екі қолына бір күрек табылды. Ал әлеуметтік жұмыс орындары секілді уақытша жұмысқа 135 адам бағытталды. Мұнда жалақының 35 пайызын мемлекет төлейді, - деді Динара Ағзамова.

 

 

Сонымен қатар жұмыспен қамту орталығы түлектерді жастар практикасына шақырады. Ол маусым айында бастау алмақ. Жалақы 25 АЕК құрайды, яғни 72 мың теңге. Бұл - мемлекет көмегі, сонымен қатар жұмыс беруші қаласа қосымша ақы төлей алады. Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі 320 адамды жұмыспен қамтыған.