• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысындағы тұрғын үйлердің 98%-ы жылу маусымына дайын

Павлодар облысындағы тұрғын үйлердің 98%-ы жылу маусымына дайын

 

Павлодардағы барлық үйлерге ыстық су 20 қыркүйекке дейін берілуі тиіс. Асайын Байханов қала әкіміне дәл осындай міндет қойды. Жалпы өңірдегі жылыту маусымына дайындық жұмыстардың барлығы 22 қыркүйекке дейін аяқталады деп мәлім етті аймақ басшысы. Бұл туралы қоғамдық кеңес отырысында айтылды.

 

Аймақтық қоғамдық кеңесте үш қаламыздағы ЖЭО, қазандықтар, жылу желілері мен тұрғын үй қорын жылу беру маусымына дайындау барысы сөз болды. Белгілі болғандай облыста әлеуметтік нысандарды жылуға қосу жақын арада біртіндеп басталады. Ал тұрғын үйлерді қамту қазан айын жоспарланған. Алайда ауа райы күрт суып кетсе, жылу ертерек беріледі, әрі маусым Павлодар, Екібастұз бен Ақсуда бір уақытта басталмақ.

 

- Жылыту маусымын температуралық режимге байланысты бастайтын боламыз. Бұл жерде, үш күннен аса 8 градустан төмен ауа райы болса, жылуды бірден бере бастаймыз. Үш қалада бірдей бастаймыз,-деді өңір басшысы.

 

Облыстың үш қаласында да гидравликалық сынақтардан кейін анықталған ақаулар толығымен жойылған көрінеді. Жылумен қамтамасыз ететін магистральдық желілерді реконструкциялау аяқталуда. Келер аптада бұл шаралар толық бітеді деп мәлім етті облыс әкімі. Павлодардағы ауқымды жұмыстар үшін тұрғындар жаз бойы ыстық сусыз болған. Кейбіріне қайнақ су әлі күнге дейін берілмеген. Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков 20 қыркүйекке дейін бұны ретке келтіруге міндетті.

 

-Аулалардағы 54 көпқабатты үйде 7000 мыңға жуық тұрғын бар. Олар жаз бойы ыстық сусыз болды. Себебі магистарльдарында қайта жөндеу жүргізілді. Толықтай аяқталды. Кривенко-Естай, Ломов-Бектұров, Затон базары маңындағы үйлерде толықтай жөндеу өтті,-деді облыс әкімі Асайын Байханов.

 

Қазіргі кезде Павлодарда 1277 үйдің 1054-інде ыстық су бар, ыстық сусыз 223 үй қалып отыр. Жалпы жылу беру маусымына өңірдегі барлық әлеуметтік нысандар толықтай дайындалды, тұрғын үй қоры 98%-ға дайын.