Павлодар облысындағы заңсыз қоқыс орындары үшін 12 ауыл әкімі жауапқа тартылды
Экологтердің ақпараты бойынша аймағымызда 250-ге жуық рұқсатсыз төгілген үйінділері анықталды. Бүгінде барлық телімдер тазартылғанымен, қоқыс орындары қайта пайда болуы мүмкін деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Павлодар облысында 300-ге жуық ресми деп атауға болатын полигон бар. Олардың 4-еуі ғана заңдастырылған. Аймақтағы үш қала және Баянауылда қоқысты заңды қабылдайды. Экология департаментінде әрбір полигонға құжат беру шарасы жалғасып жатқанын алға тартты. Айта кетсек, биыл облыс аумағында 248 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Олардың 244-і толық жойылды. Қалған төртеуі бойынша дерек анықталмады. Мәселен, ғарыштағы суреттер экология департаментіне жолданып, кейін мамандар тексеріске шығады.
- Павлодарда 38, Павлодар ауданында 78, Ақсуда 33, Екібастұзда 29, Баянауылда 20 заңсыз көн-қордалар анықталды. Бүгінде жоғарыда аталған және Ақтоғай, Аққулы және Успен аудандарындағы барлық қоқыс үйінділері толықтай тазартылды. Жүйелі бақылау орнату мақсатында экология Департаменті кешенді жұмыс атқаруда. Аудандармен қалаға жақын ауылдарда рейдтік шаралар күшейтілді,-деді Павлодар облысы экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.
Бүгінде барлық қоқыс үйінділері тазартылды. Алайда, жақын арада олар қайта пайда болуы мүмкін. Экологиялық заңнаманы сақтамағаны үшін 12 ауылдың әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы соммасы 350 мың теңгені құрады.
Фото: Freepik.com
