Павлодар облысында үшем дүниеге келді
Бірден үш сәбидің өмірге келуі – медицина қызметкерлері үшін де, жас отбасы үшін де айрықша оқиға. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдай өңірде өте сирек кездеседі.
Он екі жыл бұрын тұңғыш қызының анасы атанған Мадина Қазенова бүгінде тағы бір үлкен бақытқа кенелді. ЭКО арқылы жүкті болған 33 жастағы келіншек алғашқы тексеруде бірден үш сәби күтіп жүргенін естігенде қатты таңданып, қуаныштан көзіне жас алғанын айтады.
-ЭКО алғашқы әрекеттен-ақ сәтті шықты. Кезекті тексеруде дәрігер маған: "Сіз үшемнің анасы боласыз" дегенде, "Бұл пранк па?"дедім. Шынымен сене алмадым. Іштей егіз болуы мүмкін деп жүргенмін, бірақ үшем болады деген ой мүлде болмады. Әлбетте, қатты қуандық, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Мадина КАЗЕНОВА.
Дүниеге келген үшемге Аят, Иса және Алан деген есім берілген. Қазір сәбилердің жағдайы тұрақты. Дәрігерлердің рұқсатымен екі ұл анасымен бірге үйіне шығарылды. Ал үшінші нәресте салмағы мен денсаулығына байланысты мамандардың бақылауында.
-Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Динамикасы оң, салмақ жинағаннан кейін үйіне шығарылады деп жоспарланып отыр. Әрине, үшемді дүниеге әкелу – ана ағзасына үлкен салмақ түсіретін күрделі жағдай. Сондықтан ана мен бала біздің ерекше бақылауымызда болды, - деп мәлімдеді Павлодар облыстық перинаталдық орталығының директоры Гүлнар БҰРАТАЕВА
Дәрігерлердің айтуынша, көпұрықты жүктілік ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ана мен сәбилердің амандығы – тәжірибелі мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Айта кетейік, биыл Павлодар облысында 4 жарым мыңға жуық сәби дүниеге келген. Оның 33-і егіздер.
Бекбол Мырзахан
