• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында 2023 жылға қарай 7,4 миллион көшет отырғызылады

Павлодар облысында 2023 жылға қарай 7,4 миллион көшет отырғызылады

Биыл 6,2 гектар алаңға ағаш отырғызуды жоспарлауда. Ол үшін 315 келіден астам тұқым керек. Қолда бары 120 келі. Оларды осы күзде сеуіп бастайды. Алдағы бес жылда орман қорындағы көшет саны 115 миллионға көбеймек. Бұл елді мекендерді көгалдандыру бағдарламасы аясында жасалуда. 

 

- Сонымен қатар Үрлітөбе және Максим Горький орман мекемелері уақытша тәлімбақтарға тұқым себуді бастады. Бұл 2023 жылға қарай 7,4 миллион көшет отырғызуға мүмкіндік береді, - деді орман шаруашылығы және жануарлар әлемі Павлодар ОАИ басшысы Руслан Тулепбаев.

 

Қазір павлодарлықтар саябақтар мен қаланың түрлі аудандарында жасыл желектің қурап жатқанына жиі шағымдануда. Айтуларынша оларды мүлдем суармайды. Кейбір саябақтарда тіпті жақында ғана отырғызылған көшеттер солып қалған.  Бүгін  облыстық инспекция басшысы жас көшеттерді отырғызып, кейін мүлдем күтіп-баптауды ұмытып кететін мердігерлерді сынға алды.

 

- Тапсырыс беруші көгалдандыруға мемлекеттік сатып алу жүргізген кезде көшеттерді отырғызған соң, 2-3 жыл бағуы керек. Немесе әкімдік мердігерді бірнеше жылға осы ағаштарға жауапты етуі керек. Әйтпесе ақшаның желге ұшқаны, - деді Руслан Тулепбаев.

 

Бас орманшының айтуынша жас көшеттерді аптасына екі үш рет суару қажет. Сонымен қатар ағаштардың жерсініп, жайқалып өсуіне топырақ құнарлылығы, дұрыс тасымалдануы да әсер етеді.