Павлодар облысында 245 сынып карантинге жабылған

Оқу жылының басталғанына бір ай болмай жатып облысымызда 245 сынып карантинге жабылып үлгерді. Жалпы 249 оқушы сырқаттанған. Жағдайлардың көбісі Павлодар, Екібастұз және Ақсуда тіркелген. Аудандарда көрсеткіштер төмен. Санитарлық дәрігердің айтуынша, биыл жағдай күрделенді. Жазғы демалыстың соңғы айында балалардың сырқаттану көрсеткіші артты. Тамызда 600 дерек тіркелді.  

 

- Сыныпта сырқаттанған оқушы анықталса, барлығы байланыста болғандықтан 2 апталық карантинге жіберіледі. Дәрігерлердің бақылауында болып, кейін денсаулықтарына ешқандай шағым болмаса, сабаққа қайта кірісе алады. ПЦР тапсырудың қажеті жоқ, - дейді Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері Батырбек Алиев.

 

Оқушылардан бөлек, ұстаздар да қауіпті індетке шалдығады. Павлодар облысында 45 дерек тіркелді. 3 мұғалім екпенің бір компонентін алғандар. Одан бөлек, бүгін денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирустың жаңа штаммы тіркелгені туралы мәлімдеді. Павлодар облысында нигериялық штаммының 5 дерегі анықталған.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.