Павлодар облысында 25 елді мекенді су басу қаупі бар

 

 

 

 

Ол туралы ТЖД басшысы хабарлады. Дегенмен де ауа райы әлі тұрақталмағандықтан болжам жасауға ерте дейді құтқарушылар. Әйтсе де кез келген жағдайға дайын екендерін жеткізді. Синоптиктердің болжамы бойынша ақпан айында аймақтағы ауа температурасы -12-16 градус болмақ. Ал айдың ортасында қар көп жауады деп күтілуде. Сол себепті уақытында әкетілмеген қар су басуға себеп болуы мүмкін дейді құтқарушылар.

 

-25 елді мекен еріген қар суы себебінен қаупі болуы мүмкін, 16 елді мекен өзендердегі су деңгейінің көтерілуі себебінен болады деп санап отырмыз. Гидротехникалық құрылыстардың зақымдану қаупі болған жағдайда су басуға бейім. Су тасқыны асқынып кеткен жағдайда халықты эвакуациялау үшін 99-ға қосымша тағы 43 пункт әзірлеп қойдық,-деп мәлім етті Павлодар облысы ТЖД басшысы Жасұлан Жұмашев.

 

Қыс басталғалы елді мекендерден 900 текше метрден аса қар шығарылған. Мамандар су астында қалмас үшін тұрғындар өз ауласы мен жеке шаруашылықтарын ақ ұлпадан тазартқан жөн дейді. Айта кету керек ТЖ туындаған жағдайда 1700 адам, 616 арнайы көлік, 42 суда жүру құралы, 200 мотопомпа бар. Естеріңізге сала кетсек, су тасқынына қарсы шараларға бюджеттен 870 миллион теңге бөлінген.