• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында алимент төлеушілерге ставка қоюға тыйым салынды

Павлодар облысында алимент төлеушілерге ставка қоюға тыйым салынды

Анықталғандай, алимент бойынша қарызы бар адамдар ойын шоттарын еш кедергісіз толықтырып, құмар ойындар ойнап келген. Енді олар үшін бәс тігуге қолжетімділік бұғатталады, деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Павлодар облысы прокуратурасы қызметкерлерінің мәліметінше, алимент бойынша борышкерлерді құмар ойындарға қатыстырған ірі онлайн-букмекерлік кеңсенің қызметінен заң бұзушылықтар анықталған.

 

279 борышкер ойын шоттарын толықтырып, ставка қойғаны белгілі болды. Шоттарға салынған қаражаттың жалпы сомасы 600 миллион теңгеден асқан, ал оның 415 миллион теңгесін олар шешіп алған. Олардың 97-сі алимент төлеуден қасақана жалтарып жүрген борышкерлер.

 

- Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Актіні қарау нәтижесінде уәкілетті орган букмекерлік кеңселерді бәс тігу мен ұтыстарды төлеуді автоматты түрде есепке алуды қамтамасыз ететін бірыңғай есепке алу жүйесіне қосу, сондай-ақ клиенттерді борышкерлер тізілімі бойынша тексеру және атқару құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар адамдардың қолжетімділігін бұғаттау шараларын қабылдады, - деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.

 

Қазіргі уақытта жеті букмекерлік кеңсе бірыңғай есепке алу жүйесіне қосылып үлгерді. Тағы он оператор тиісті келісімдерге қол қойған.

 

Фото: magnific.com