Павлодар облысында эпидмаусым басталғалы тұмау тіркелмеген
Павлодарлық дәрігерлер суық тию мен тұмау маусымына дайындықты бастап кетті. Өңірде стационарларды дайындау жұмыстары жүргізіліп, дәрі-дәрмек қоры жасақталуда. Сонымен қатар вакциналар сатып алынуда. Ал әзірге эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Эпидемиялық маусым басталғалы өңірімізде 717 адам өткір респираторлық инфекциялық ауру жұқтырған. Олардың 60 пайызы 14 жасқа дейінгі, ал 117-сі 1 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылғы эпидемиологиялық маусымда 2010 адам ауырған екен. Биыл көрсеткіш жақсарған.
-Тұмау тіркелген жоқ. Эпидемиологиялық маусым алдында бізде дайындық шаралары жүргізілді. Бұл тәуекел тобына жататын адамдарға тұмаудан екпе салу, мобильді бригадалардың дайындығы, вакциналардың талапқа сай сақталуы, дәрі дәрмектің қорын қамтамасыз ету секілді. Сонымен қатар емханалар мен ауруханалардағы барлық медперсонал бетпердемен жүру туралы бұйрық бар,- деп хабарлады Павлодар облысы бойынша СЭБ департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Дощанова.
Айтпақшы, мектептер мен балабақшалардағы карантин мәселесіне де түсініктеме берілді. Мониторинг күн сайын жүргізіледі. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, оқушылардың аурушаңдық деңгейі 20-дан 30 пайызға дейін жетсе, оқу кабинеттік жүйеге ауыстырылуы мүмкін. Ал көрсеткіш 30 пайыздан асқан жағдайда, оқушылар қашықтан оқытуға көшіріледі.
Бибінұр Хамитқызы
