• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында гонконг тұмауының 50 жағдайы тіркелген

Павлодар облысында гонконг тұмауының 50 жағдайы тіркелген

 

Маусымдық инфекциялар бойынша ахуал бақылауда болғанымен, сырқаттанушылық көрсеткіші әлі де жоғары. Өңірде ал жедел респираторлық вирустық инфекцияның 88 мыңнан астам дерегі тіркелген деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін ЖРВИ деректерінің күрт өсуіне байланысты білім беру мекемелеріндегі кей сыныптар қашықтықтан оқыту форматына ауысқан еді. Бұл ретте, ақ халаттылар эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді дейді. Дегенмен өсім жоқ емес.

 

- Жалпы, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бүгінгі таңда тұрақты. Маусым басталғалы облыста жедел респираторлық вирус инфекциясының 88 630 жағдайы тіркелді. 14 жасқа дейінгілердің үлесі 65% құрап отыр, - дейді Павлодар облысы санитариялық -эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Мәдина Қуандық.

 

Мамандар алдағы демалыс күндеріне байланысты індет жұқтырушылар саны артуы мүмкін деп отыр. Бұдан бөлек, биыл өңірде AH3N2 типті, яғни Гонконг тұмауының 50 жағдайы тіркелген. Оның 26-сы – балалар арасында. Вирусологиялық зертханалар жүргізген 670 зерттеудің 7-нен риновирус, бокавирус және коронавирус анықталды. Денсаулық сақтау нысандарында да ахуал бақылауда. Дегенмен кейбір мектептерде сыныптарды карантинге жіберу шаралары жалғасуда.

 

Бекбол Мырзахан

Фото: Freepik.com