• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында көктемгі аң аулау маусымы 20 сәуір күні басталады

Павлодар облысында көктемгі аң аулау маусымы 20 сәуір күні басталады

 

Бұл ретте, әрбір аудандағы мерзімі әртүрлі болмақ, облысымыздағы 30-ға жуық аңшылық шаруашылығында құстарды атуға рұқсат етіледі деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Ертіс-Баян өңірі аңшылары тағатсыздана күтіп жүрген көктемгі маусым бастау алмақ. Облыстық инспекцияда ресми 28 аңшылық шаруашылығы бекітілгенін жеткізді. Заң бойынша 15 күнтізбелік күнге рұқсат беріледі, биыл әр аудандағы дайындық деңгейіне байланысты мерзімдер әртүрлі болып бекітілді.

 

- Көктемгі аң аулау маусымы Ақсу мен Екібастұз ауылдық аумақтарында, Май, Ақтоғай, Баянауыл, Павлодар, Железин, Успен аудандарында 20 сәуір мен 4 мамыр аралығында өтеді. Ал Тереңкөл, Ертіс аудандарында аң аулау мерзімі 27 сәуір мен 11 мамыр аралығында жүргізіледі. Ата үйрек, жабайы үйрек, құр құстарына деген рұқсат беріледі,-деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бөлім басшысы Арман Мұқатаев.

 

Дайын болмағандығы үшін 10 аң шаруашылығына рұқсат берілмеген, сол сияқты Аққулы мен Шарбақты аудандарында көктемгі маусым болмайды деп жеткізді инспекцияда. Әрине, аңшылық алқаптарында патрульдеу күшейтiледі.

 

-Дала құстарын заңсыз аулағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Құстар мен жұмсақ жүнді жануарлардың бір дарасы үшін залал 7,5-нан 15 АЕК-ке дейін болады,-деп жеткізді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бөлім басшысы Арман Мұқатаев.

 

Бұрын 18 жастан асқандар қаруды қолға ала берсе, былтырдан бері аңшы болғысы келетін адамның жасы 21-де болуы шарт. Сонымен бірге, оның арнайы аңшылық куәлігі мен рұсат етілген құжат қатаң тексеріледі. Өйткені, заңмен рұқсат етілген қағаздар болмаса аң аулау – браконьерлікке жатады.

 

Фото:Freepik.com