• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында көкжөтел жұқтырғандар саны азаймай тұр

Павлодар облысында көкжөтел жұқтырғандар саны азаймай тұр

 

 

Шілде айынан бастап 9 тұрғыннан індет анықталған. Бұған қарамастан екпеден бас тартушылардың саны азаятын емес дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Қазіргі таңда балаларды жұқпалы індеттерден сақтау шаралары күшейтілген тәртіпте жүргізіліп жатқанымен халық тарапынан белсенділік өте төмен дейді санэпид мамандары. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі балалардың тек 2 пайызы көкжөтелге қарсы толық екпе алған. Қалған 98 % үзілді-кесілді бас тартып отыр.

 

-Вакцинадан бас тарту үлкен мәселеге айналды. Індетті жұқтырған 62 бала еш себепсіз екпе жасатпаған, 18 бала денсаулығына байланысты бас тартса, 3 бала вакцинаның толық курсынан өтпеген. Бұл ретте, екпе алған 4 баладан көкжөтел анықталған. Алайда, оларда індет жеңіл өтеді,-деді Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Елена Сухоносенко.

 

Көкжөтелге қарсы төтеп берудің жалғыз жолы вакцина дейді мамандар. Сонымен қатар, қарапайым жөтел, жүрек айну, дене қызуы көтерілу сынды симптомдар байқалса үй жағдайында емдемес бұрын ауруханаға жүгінуге кеңес береді. Айта кетейін, жыл басынан облысымыздың 91 тұрғынынан көкжөтел анықталған.