Павлодар облысында маусым айында ауа райы қалыпты болады
Синоптиктердің айтуынша, аптап ыстық, түнгі уақытта аздап салқындау, жауын-шашын мен найзағай күтіледі. Бұл ретте, Павлодарда шомылу маусымы ашылды. Тұрғындар аптаның бірінші күніне қарамастан орталық жағалауға ағылуда деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы орталық жағажайға келушілер саны қазірдің өзінде көп. Шомылу маусымының ресми түрде ашылғанын естіген тұрғындар демалыстарын белсенді өткізуде. Құтқарушылар да күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Сонымен қатар, синоптиктер маусым айында ауа температурасы +37-ге дейін көтеріледі дейді. Дегенмен, жазғы мезгілде ауа райы қалыпты болады екен.
- Биылғы маусым айындағы ауа райы 2020 жылғы мезгілмен бірдей болады. Сынап бағанасы шекті мөлшерден көтерілетін күндер болады. Бірақ, алаңдаудың қажеті жоқ. Ауа райы құбылмалы болуы мүмкін,-деді «Қазгидромет» РМК Павлодар облысы филиалының бөлім бастығының м. а.Оксана Овсянникова.
Синоптиктердің сөзінше өткен мамыр айы өте ыстық болды. Жауын-шашын аз болғандықтан төтенше өрт қаупі кезеңі қатаң бақылауға алынған. Сондықтан тұрғындардан сақтық шараларын естен шығармауды сұрауда.