• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында соңғы 5 айда сүт безінің қатерсіз ісігіне 27 ота жасалды

Павлодар облысында соңғы 5 айда сүт безінің қатерсіз ісігіне 27 ота жасалды

 

 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бірқатар оталар жасалып адамдар жаңа өмір бастауда. Бұл ретте, облыстық онкологиялық диспансерде сүт безінің қатерсіз ісігін жою бойынша операциялар сәтті жүргізілуде дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Фиброаденома - бұл әйелдердің шамамен 30% - да кезедесетін дерттің бірі. Әсіресе, 35 жасқа дейінгі нәзікжандарда анықталып жатады. Егер қатерсіз ісіктің өсуі тоқтамаса алып тастауға тура келеді.

 

-Ісікті үй жағдайында емдеудің қажеті шамалы. Яғни, дәрі-дәрмек пен жақпа майлар көмектеспейді. Фиброаденоманы тек ота арқылы емдеуге болады. Біз отаны эстетикалық қалыпты бұзбай жасаймыз,-дейді Павлодар облыстық онкологиялық диспансердің хирург -дәрігері Бекайдар Махметов.

 

Фиброаденоманың себептері өте көп. Негізінен жыныстық гормондардың теңгерімсіздігі, дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау, әртүрлі жарақаттар, дұрыс тамақтанбау және салауатты өмір салтын ұстанбаудан пайда болады. Сондай-ақ, ісік тұқым қуалайды.

 

- Менің әжемде қатерлі ісік анықталған. Сондықтан үнемі тексеріліп отырамын. Кезекті қаралымда ісікті байқадық. Оқыс жәйттің алдын алу үшін ота жасатамын,-деді Анастасия Ряшницева .

 

Білікті мамандар отаны еш ауыртпай жасайды. Биыл МӘМС арқасында онкодиспанцерде 70 операция жасалды. Оның 27-сі сүт безінің қатерсіз ісігіне тиесілі.

 

Фото: Freepik.com