Павлодар облысында тұрғын үй бағасы қымбаттады
Бұл ретте, пәтерлерді сату бағалары – 1,7%, жаңа тұрғын үйлерді сату 0,8% өсті. Аталмыш көрсеткіштерді ұлттық статистика бюросы жария етті. Бұдан бөлек, тұрғын үйді жалға алу төлемі де 1,1% жоғарылай түсті. Павлодарлықтар да баспана бағасының шарықтағандығы байқалады дейді.
- Пәтер бағасы өсті деп ойлаймын. Өзім үй алмақшы ойым бар, екінші пәтер. Әрдайым бақылап отырамын. Қаңтар кезінде қарадым, 265 мың болған шаршы метрі бізде Павлодарда. Қазір одан да көп, 11-12 %дейін өсті, - дейді павлодар тұрғыны.
Дегенмен, баға өсімі тұрғын үйге деген сұранысқа әсер етпеген. Сәуір айында тіркелген алу-сату мәмілелерінің саны 60 мыңға жуық көрсеткішті құрады, яғни өткен аймен салыстырғанда 13,3% артты. Мамандар бұған себеп болған факторды нұсқады.
- Зейнетақы аударымдарын шешуге рұқсат берілген сәтте, дүрлікпе болды. Көп жағдайда тұрғын үй бағасы жасанды түрде көтерілген еді. Сәйкесінше сұраныс жоғары болды. Халыққа қолма-қол ақша алу қажет еді. Ал сәуір-мамыр айына қарай сұраныс бәсеңдеді. Бағалар да тұрақтап келеді, - деді жылжымайтын мүлік бойынша маман Алтынай Сейілханова.
Айту керек, Павлодар облысында сәуірде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 1 685 құрады, оның ішінде көпқабатты үйлердегі пәтерлер бойынша 1313 және жеке үйлер бойынша 372 келісім жасалған екен. Жалпы биыл тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге өскен.

